Ұлттық ғылыми онкология орталығының ағза трансплантациясы секторының аға ординаторы Мэлс Асықбаевтың айтуынша, операция қиындығына қарай трансплантация хирургиялық жағынан, иммунология жағынан деп екіге бөлінеді екен.
– Негізі хирургиялық жағынан бүйрек ауыстыру трансплантологияда аса күрделі операциялардың қатарында емес. Хирургиялық жағынан ең күрделі операциялардың бірі – бауыр ауыстыру. Бірақ иммунологиялық жағынан ағзаның бүйректі қабылдауы күрделірек. Сондықтан операцияға кіріспес бұрын иммундық жүйені толық, жіті зерттейміз. Ал бауыр иммунология жағынан ағзаға тез бейімделеді. Алайда хирургиялық жағынан бауыр трансплантациясы – күрделі операциялардың бірі. Операция ел азаматтарына тегін жасалады. Органын ауыстырған пациенттер кейін бүйрекке әсер етпейтін иммуносупрессивті дәрі-дәрмектер ішіп, күтінеді. Ол дәрілерді мемлекет тегін береді. Науқас үнемі трансплантолог дәрігердің бақылауында болады. Трансплантация операцияларын біз жетік меңгеріп алдық. Шетелде оқыдық. АҚШ, Испания, Оңтүстік Корея, Түркияға барып тәжірибе жиған дәрігерлер көп. Өйткені қазір АҚШ пен Испания – трансплантация бойынша, соның ішінде мәйіттік донорлардың көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Ал туыстық донордың көмегімен операция жасауда, яғни бауыр, бүйрек ауыстыруда Оңтүстік Корея мен Түркия медицинасы алда. Біздің дәрігерлер аталған елдерге барып, тәжірибесін арттырып жүрген соң қазір бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безі трансплантациясын толық игеріп алды. Трансплантолог дәрігерлер әр операцияға топ болып жұмылып кіріседі. Донорды тексеру, науқасты операцияға дайындау, операция, операциядан кейінгі зерттеулердің барлығын қадағалайтын дәрігерлер бар. Әрқайсысы өзінің жұмысын жетік біледі. Бір операцияның өзіне кем дегенде 50 адам қатысады. Жас мамандарды да өзіміз қолдан келгенше даярлап жатырмыз. Трансплантолог мамандардың тапшылығы жоқ. Жас шәкірттерімізді өзіміз тәрбиелеп оқытқаннан бөлек, олар да шетелге барып білімін жетілдіреді, – дейді білікті дәрігер.
Сілтеме арқылы көбірек оқыңыз:
https://egemen.kz/article/333286-transplantatsiyada-donor-tapshy