Біздің Орталықта телемедициналық консультациялар өткізу осы технологияны Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне енгізген уақыттан бастап қолданылады. Қашықтықтан ақпараттық технологиялар көмегі арқылы сапалы білікті медициналық көмек алу шалғай өңірлерден келген онкологиялық бейіндегі пациенттер мен жүріп-тұруы қиын адамдар үшін аса өзекті және таптырмайтын болып табылады. Қашықтық пен уақыттың қысқаруы күрделі клиникалық жағдайларды жедел түрде қарастыруға мүмкіндік береді, ал онкологияда қарапайым диагноздар болмайды.
Қазіргі уақытта елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты енгізілген шектеу шараларын ескере отырып, телемедицинаға сұраныс тек арта түсті.
Телемедицина арқылы кеңес алу үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
- Пациент тіркелген МСАК ұйымына өзінің емдеуші дәрігеріне немесе аумақтық онкологиялық орталыққа жүгіну қажет. Емдеуші дәрігер үзінді дайындайды, клиникалық және аспаптық зерттеулердің нәтижелерін тіркейді және біздің Орталыққа, телемедицина жөніндегі үйлестірушіге жібереді.
- Үйлестіруші ұсынылған құжаттарды зерделейді және оларды телемедициналық консультация жүргізу туралы мәселені шешу үшін бейінді мамандарға жібереді, содан кейін пациентті жіберген медициналық ұйыммен немесе тікелей емдеуші дәрігермен байланысады және қашықтықтан консультация беру күні мен уақыты туралы хабарлайды. Қосымша тексерулер қажет болған жағдайда пациентті оны жіберген медициналық ұйым немесе емдеуші дәрігер хабардар етеді.
- Белгіленген күні және уақытта пациент осы телемедицина сеансын ұйымдастыратын медициналық ұйымға келуі тиіс.
Телемедициналық консультациялар тегін жүргізіледі. Айта кету керек, пациент міндетті түрде МСАК ұйымына бекітілуі керек, өйткені емдеуші дәрігердің сүйемелдеуінсіз қашықтықтан консультация алу мүмкін емес.
Бейінді мамандар немесе мультидисциплинарлық топ (диагноздың күрделілігіне байланысты) кеңес беру кезінде одан әрі емдеу тактикасы және қажет болған жағдайда ҰҒОО стационарына жатқызу туралы мәселе шешілетін болады.