Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухана – мегаполистегі ірі көпбейінді аурухана. Мұнда жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету сапасы уақыт талабына сай дамып келеді.
Оған қоса бұрын осында қызмет атқарған білікті мамандар қайта оралып, қатарды толықтырды. Атап айтқанда Сәбитхан Байтеміров, Дәурен Қабылов, Тайбек Садықов, Алибеков Батырбек сынды білікті хирургтар бүгінде қалалық №1 клиникалық ауруханада еңбек етіп, жоғары мамандандырылған оталарды жасауда біліктіліктерін көрсетуде.
Ауруханада бауыр мен бүйрекке қатарынан екі трансплантация жасалды және құрсақ қолқасының аневризмасын эндопротездеу операциясы сәтті өткізіліп, ауыр дертке шалдыққан науқастар емделді.
Биылғы 31 қаңтар күні аурухана дәрігерлері бауыр трансплантациясын жасады. Ағзасын алмастырған науқас бір жылдан бері ауырады, сырқаттың басталуы ісік-асцит синдромынан басталған, екі рет өңештің венасынан қан кеткен. Бауыры жарамай, денсаулығына қауіп төнген науқасқа дәрігерлер баласының бауырын салып берді.
Сондай-ақ, 8 ақпан күні аурухана базасында бүйрек трансплатациясы жасалды. Ағза алмастыру отасынан кейінгі рецепиент пен донордың жағдайы жақсы.
Тағы айта кетерлігі, №1 клиникалық аурухана дәрігерлері алғаш рет қан тамырлар хирургиясы бойынша тың әдіспен ота жасап, денсаулығына қауіп төнген науқастың өмірін алып қалды. Құрсақ аневризмасының жарылуы анықталып, науқасқа жедел көмек көрсетілді, күрделі операция сәтті жасалды.