Бүгін, Астана қаласында Қазмедиаорталығының концерт залында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Қазақ радиосы дәстүрлі «Мың алғыс» шарасын өткізді.
«Мың алғыс» жобасы биыл жетінші рет ұйымдастырылып отыр.
Шара барысында елімізде мәйіттік трансплантацияны дамыту бойынша Орталығымыздың трансплантологтары біліктілігінің арқасында бірнеше ағза алмастыру операциясының сәтті өтіп, мұқтаж жандарға "екінші өмір" сыйлап жатқандығы туралы айтылып және реципиент Ермек Қалықбаевтың жүрекжарды алғысы бейнесюжет арқылы көрсетілді.
Сахнада салтанатты түрде Ұлттық ғылыми онкология орталығының трансплантолог-дәрігері Мэлс Асықбаевқа марапат тапсырылды.
- Қазір елімізде 4 мыңға жуық науқас донор кезегінде тұрғанын айтады. Олардың 90 пайыздан астамы бүйрекке мұқтаж. «Бұл көрсеткіш төмендеуі үшін мәйіттік трансплантацияға деген көзқарас оң болуы тиіс. Ми өлімі тіркелгеннен соң марқұмның донор болуға қолхаты болған жағдайда туыстарының рұқсатымен ағзасы өзге адамға салынады», - дейді трансплантолог.
Дәстүрлі жобаның мақсаты – мұқтаж жандарға көпшіліктің атсалысуымен көмек көрсетіп, қайырымдылық пен ізгілікті насихаттау, қайырымды жандарға алғыс айту.
Мерекелік шараның телевизиялық нұсқасы «Qazaqstan» телеарнасынан 1 наурыз күні сағат 15:15-те көрсетіледі.
Толығырақ: https://qazaqstan.tv/news/189895/