ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шорановтың Өскеменге сапары аясында Нұр-Сұлтан қаласының Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен Шығыс Қазақстан облысының көпсалалы онкология және хирургия орталығы мен Семей қаласының ядролық медицина орталығы арасында меморандумға қол қойылды.
Құжат ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, онкология, радиология және ядролық медицина саласында тәжірибе алмасуға бағытталған.
Шартқа сәйкес Тараптардың іскерлік өзара іс-қимылындағы басым бағыттар: мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру, онкологияның, радиологияның және ядролық медицинаның қазіргі заманғы бағыты бойынша мастер-кластар мен ғылыми-білім беру бағдарламаларын өткізу болады. Сондай-ақ жоғарыда аталған медицина салаларында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу. Ең бастысы - онкоорталықтардың мамандары арасында тәжірибе алмасу, консультациялар мен телекөпір, телеконференциялар өткізу.