Қазақстанда колоректалды обырдан өлім-жітімі ауруды ерте анықтаудың арқасында төмендеп келеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында ҚР ДСМ Ұлттық ғылыми онкология орталығының жетекші эндоскопист-дәрігерлері, онкохирургтары айтып берді.
Онкологиялық патология құрылымында: бірінші орында - сүт безі обыры (15,2%), екінші орында – өкпе обыры (11,5%), асқазан обыры (8,2%), одан әрі жатыр мойны обыры (5,5%) және тоқ ішек обыры (5,4%), бұл ретте әйелдер жиі ауырады (олардың үлесі 55,8% немесе 18 190 жағдайды құрады), ерлерге қарағанда (44,2% немесе 14 383 жағдай).
«Колоректалды обыр онкологиялық аурулар құрылымында 3-ші және онкологиялық өлім-жітім бойынша 3-ші орында. Мәселен, 2020 жылы колоректалды обырмен сырқаттану 3117 жағдайды құрады, өлім-1504», - деді Ұлттық ғылыми онкология орталығының интервенциялық радиологиясымен сараптамалық эндоскопия орталығының меңгерушісі, жоғары санатты эндоскопист дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, «Қазақстандық эндоскопиялық қоғамы» ҚБ президенті Қанат Өмірзақұлы Батырбеков.
КРО скринингінің барлық кезеңдері және скринингтік колоноскопия кезінде полиптерді алып тастау республика азаматтары үшін мүлдем тегін.
Колоректалды скрининг - 2011 жылы сипмтомсыз обырды белсенді түрде ерте анықтау және оны одан әрі емдеу мақсатында енгізілген Қазақстан Республикасында өткізілетін үш популяциялық скринингтің бірі. Скрининг түрі - популяциялық. Скрининг әдісі: жасырын қанға нәжісті иммунохимиялық (иммунохроматографиялық) зерттеу (iFOBT, гемокульт-тест), толық тексеру әдісі ретінде жаппай колоноскопия: 2 жылда 1 рет. Нысаналы топ: тоқ ішек обыры және полипозы бойынша диспансерлік есепте тұрған адамдарды қоспағанда, 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер.
Ұлттық ғылыми онкология орталығында өңеш, асқазан, тоқ ішек және тік ішектің қатерлі ісіктерін хирургиялық емдеу жүргізіледі. Жыл сайын орталықта еліміздің барлық өңірлерінен 1100-1200 пациент ем алады және 1500-ге жуық операция жасалады. Операциялардың барлық түрлері ашық, аз инвазивті және эндоскопиялық жолмен жүргізіледі.
«2019 жылғы статистикалық деректер бойынша екі жыныстағы тоқ ішек обыры басқа онкопатологиялар арасында 9,9%-ды құрап, 3-орынды алады», - деп түйіндеді дәрігер онкохирург Алтай Керімқұлов.