Жыл сайын Қазақстанда кем дегенде 4 жарым мың қыз келіншектен сүт безінің қатерлі ісігі анықталады. Бұрын бұл дертке 40 - тан асқан әйелдер жиі шалдықса, қазір 20-ға толмағандардың өзіне осы ауыр диагноз қойылып жатыр.
Сүт безінде қандай да бір түйін пайда болғанда, дереу ультрадыбыстық зерттеуге келіп, тексерілген жөн. Маман 10-15 минуттың ішінде ісіктің бар-жоғын анықтап бера алады. Сондай-ақ заман талабына сай технологиялардың арқасында дерттің қай кезеңге жетіп қалғанын да қарап білу мүмкін.
Сандуғаш Ауғанбаева, ҰҒОО ультрадыбыстық зерттеу дәрігері:
– Ең алдымен біз ісіктің пішінін көреміз. Кейін тамыры қаншалықты терең екенін анықтаймыз. Мысалы, мына суретке қарап, біз сүт безінің қатерлі ісігін 95 процентке растай аламыз. Өйткені оның құрылым біртекті емес. Бізге келген пациенттердің диагнозы расталған жағдайда оларға психологиялық қолдау көрсетіп, тез арада онкомаммологқа жібереміз.
Дәрігерлердің айтуынша, Азия өңірінде сүт безі қатерлі ісігінің агрессивті түрі жиі кездеседі. Сол себепті оны емдеу де оңайға түспейді. Толық жазылып кету үшін терапияның түр-түрін қатар қабылдауға тура келеді.
Динара Саменова, ҰҒОО сүт безі қатерлі ісігі секторының аға ординаторы:
– Сүт безінің қатерлі ісігін емдеудің бірнеше тәсілі бар. Тізімде химия терапиясы, иммундық және гормондық терапия бар. Кешенді емдеу жақсы нәтиже береді. Соның арқасында науқас толық жазылып кете алады. Тек дертті уақытында анықтау қажет. Ол үшін әрбір әйел адам айына бір рет айнаның алдында тұрып, өзінің сүт бездерін қолмен тексергені абзал. Жылына бір рет скриниг пен маммографиядан өтуге кеңес береміз. Көбі сүт безінде қатерлі ісіктің бар екенін өзі үшін барып тексерілгенде біледі. Сол мезетте ем-домды бастап кетсек, сүт безін алып тастамауға да болады.
Материалды сілтеме арқылы толық көре аласыздар:
https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/542364-elde-30-my-a-zhuy-jel-s-t-bezini-aterli-isigine-shaldy-an