Астана қ., Керей, Жәнібек хандар қ., 3 үй
Версия для слабовидящих

29 наурыз - 9 сәуір аралығында Ұлттық ғылыми онкология орталығында өңірлік онкология орталықтарының және Нұр-Сұлтан қаласының урологтары, онкологтары үшін біліктілікті арттыру циклы өтті.

 

9 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының Ұлттық ғылыми онкология орталығында (бұдан әрі - ҰҒОО) «Урология және онкоурологиядағы эндобейнехирургия» тақырыбында біліктілікті арттырудың екі апталық циклі аяқталды. Оқыту циклын ҰҒОО-ның хирург дәрігері, онколог, медицина магистрі, PHD докторанты - Талғат Аманжолұлы Құрманов жүргізді.  

Мұндай оқыту іс-шараларын өңірлердің және елорданың басқа да медициналық ұйымдарының мамандары үшін ҰҒОО дәрігерлері тұрақты негізде жүргізеді. Мақсаты: зәр шығару жүйесінің қатерлі патологиясын емдеудің аз инвазивті аз жарақаттану әдістерін орындау дағдыларын жақсарту бойынша тәжірибені тарату.       

Онкоурологияны дамыту және емдеудің жоғары технологиялық әдістерін енгізу республикадағы көп бейінді онкологиялық клиникалар арасында ҰҒОО-ның жетекші орынға ие болуына мүмкіндік берді. Жетістіктер қатарында төмендегі жаңа технологияларды енгізу: 

- Несепағардың созылған стриктуралары кезіндегі несепағардың лапароскопиялық ішек пластикасы;

- Neobladder қалыптастырумен лапароскопиялық цистэктомия.

Бұл жолы іс-шараға Қазақстанның аймақтық онкологиялық клиникаларының (Алматы, Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай, соның ішінде Нұр-Сұлтан) дәрігерлері қатысты. Оқыту эндоурологиялық операциялардың анатомиялық және техникалық ерекшеліктерін егжей-тегжейлі сипаттаумен өтті. Барлық мамандар операцияларға ассистент ретінде қатысуға мүмкіндік алды. Оқу барысында мамандар тек қарап қана қоймай, қызықтырған сұрақтарын да қойды.      

Оқу циклі барысында курсқа қатысушылар қуық пен бүйрек ісіктерін жою, қуықты қалпына келтіру бойынша реконструктивті операциялар жүргізу, сондай-ақ орган сақтаушы және лапароскопиялық операциялар жасау дағдыларын жетілдіре алды.    

«Аз инвазивті емдеу әдістері бүгінгі күні әлемде ең өзекті және операциялық жарақатты барынша азайтуға және қалпына келтіру кезеңін қысқартуға ғана емес, сондай-ақ өмір сапасын сақтауға мүмкіндік беретін ең заманауи әдістер болып табылады. Эндоурологияның бұл цикліне негізінен тәжірибелі дәрігерлер, операция жасайтын клиниктер және тәжірибе беретін дәрігерлер жиналды. Сондықтан цикл өте қызықты өтті. Клиникалық жағдайлар, емдеу тактикасы және т. б. талқыланды және талданды. ҰҒОО-ның дәрігерлер командасының және медициналық жабдықтау жұмысы кәсіби деңгейде қойылғанын атап өткім келеді. Сондай-ақ Орталықтың барлық ұйымдастырушылары мен басшыларына осындай мүмкіндік бергені үшін алғыс айтқым келеді», - деп  атап өтті хирург дәрігері, онколог Ләззат Жанғазықызы Райханова (Ақтөбе қ.)

«Мұндай іс-шаралар кәсіби байланыстарды нығайтуға, қатерлі ісіктерді емдеудің аз инвазивті әдістемелерін орындаудың құнды тәжірибесін алуға және еліміздің жетекші клиникаларынан өңірлерге инновациялық технологияларды трансферттеуге ықпал етеді», - деп атап өтті хирург дәрігері, онколог Рауан Асқарұлы Нұрғалиев (Көкшетау қ.).