ҚР Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі онкологиялық аурулардың алдын алу, ерте диагностикалау және емдеу болып табылады.
Статистикалық деректерге сәйкес 2020 жылы Қазақстан Республикасында өмірінде алғаш рет тері обырын есепке алмағанда қатерлі ісіктердің 29 701 жаңа жағдайы тіркелген. Оның ішінде гастроэнтерологиялық аурулар бойынша абсолюттік саны: өңеш обыры-1082, асқазан обыры - 2497, тоқ ішек обыры - 1645, бауыр обыры - 861, ұйқы безі обыры - 1143.
4 ақпанда Халықаралық обырға қарсы күрес одағының (UICC) бастамасымен жыл сайын Дүниежүзілік обыр ауруларымен күрес күні (WorldCancerDay) атап өтіледі, биыл ол «Қатерлі ісіксіз болашақ құру. Қазір әрекет ететін уақыт келді» ұранымен өтті. Мақсаты -алдын алу, ерте диагностикалау, емдеу және пациенттерді скринингтің қол жетімділігі туралы хабардар ету.
2022 жылғы 5 ақпан, сенбі күні Ұлттық ғылыми онкология орталығы базасында ісікалды жағдайлар және асқазанның ісік патологиялары мәселелеріне арналған Ашық есік күні өткізілді.
Іс-шара күні 16 адам онколог, гастроэнтерологтан кеңес алды. 3 пациентте асқазанның кардиалды бөлімінің обыры, өңеш обыры, ұйқы безі обыры анықталды. Барлық пациенттер толық тексерілуге және емделуге жіберілді.
– Ұлттық ғылыми онкология орталығы жыл сайын іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Біз ай сайын Ашық есік күндерін өткізуге тырысамыз. Себебі онкологиялық аурулармен ауыратын адамдардың саны күн сайын артып келеді. Өкінішке орай, пациенттердің басым көпшілігі өздерінің диагнозын білмейді және осындай шаралар кезінде ауруды анықтайды. Бұл Ашық есік күнінің басты мақсаты. Біз Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын ғана емес, Қазақстанның кез келген өңірінен келген адамдарды да қабылдауға дайынбыз. Ерте кезеңде анықталған онкологиялық ауруларды емдеуге болады, - деді Ұлттық ғылыми онкология орталығының консультациялық-диагностикалық орталығының меңгерушісі Индира Құсайынова.
Дәрігерлердің айтуынша, асқазан обыры дамуының алғашқы кезеңдерінде, әдетте, нақты клиникалық белгілер болмайды. Пациенттер көбінесе асқазан-ішек жолдарының қатар жүретін ауруларымен немесе асқазанның шырышты қабығындағы фондық қабыну өзгерістерімен байланысты іш қуысының жоғарғы қабатындағы жалпы ыңғайсыздыққа алаңдайды. Сондықтан халықты профилактикалық тексеру науқастарды ерте диагностикалау мен тиімді емдеудің негізгі жолдарының бірі болып табылады.
Естеріңізге саламыз, скринингтен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) аясында тіркелген жері бойынша емханада 3 бағыт бойынша өтуге болады: сүт безі обыры - 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер; жатыр мойны обыры - 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, колоректальды обыр - 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер.
Есте сақтау маңызды: онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау – сәтті емдеудің және өмірді құтқарудың кепілі!
Ашық есік күндерін өткізу туралы @astana.nroc, Facebook және Instagram аккаунттарындағы жаңалықтарды қадағалап отырыңыз.
Аман-сау болыңыз!