Бүгін Ұлттық ғылыми онкология орталығында Басқарма төрағасы Г.Құлқаева гепатобилиарлық хирург дәрігері, трансплантолог Асан Айтмұқашұлы Жексембаевқа құрметті профессор атағы туралы диплом табыстады.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан хирургтар қауымдастығының мүшесі, доктор Жексембаев - медицина саласында 40 жылдық еңбек өтілі бар хирургия саласындағы беделді мамандардың бірі. Дарынды дәрігерлердің бірнеше буынын тәрбиелеп, ол онкологиядағы хирургиялық бағыттың дамуына және жалпы денсаулық сақтау жүйесіне баға жетпес үлес қосты.
Асан Айтмұқашұлы отандық медицинаның заманауи бағыттарын қалыптастырудың бастауында тұрды. Осылайша, оның тікелей басшылығымен және қатысуымен Қазақстанда гепатопанкреатобилиарлық хирургия және кадавр мен «тірі» донордан бауыр трансплантациясы дамыды. Бауырдың, өт жолдарының және ұйқы безінің онкологиялық ауруларын емдеу үшін инновациялық хирургиялық тұжырымдамаларды қолдануды негізге алып, Асан Айтмұқашұлы жүздеген пациенттің өмірін сақтап қалды. Доктор Жексембаевтың есебінде бауыр трансплантациясы бойынша 30-дан астам операция жасалған.
Асан Айтмұқашұлы ғылыми қызметке де белсене қатысады. Оның авторлығына клиникалық медицинаның заманауи үрдістерінің негізіне енген халықаралық және отандық дереккөздерде 20-дан астам ғылыми еңбектер жатады.
Өзінің таңдаған ісіне деген адалдығымен, жоғары кәсібилігімен Асан Айтмұқашұлы клиниканың жас мамандары да қол жеткізуге ұмтылатын жоғары деңгейді белгілейді.
ҰҒОО ұжымы Асан Айтмұқашұлын профессор ғылыми дәрежесін алуымен шын жүректен құттықтайды. Денсаулық, жаңа ғылыми жетістіктер және көптеген жаңа талантты оқушылар тілейді!