Ұлттық ғылыми онкология орталығы базасында шақырылған дәрігерлер: Fatih Aslan (Коч университеттік ауруханасы, Стамбул, Түркия) және Фарид Гулиев (инвазивті диагностика бөлімшесінің басшысы, Ұлттық онкология орталығы, Баку, Әзірбайжан) басшылығымен эндоскопия бойынша мастер-класстың 2-ші күні өтті.
Дәрігерлер 6 тәжірибелік эндоскопиялық операция жасап, 2 дәріс оқып, жүргізілген хирургиялық араласуларды талқылады.
Мастер-класқа 20 адам, ZOOM-платформа арқылы Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстаннан және Қазақстанның түрлі өңірлерінен 30 медицина маманы қатысты.
Іс-шараның бірінші күні өңеш пен асқазанның ісік патологиясын диагностикалау мен емдеуге, ал екінші күні ішектің ісік патологиясын диагностикалау мен емдеуге арналды.
Мастер-класс аясында келесі операциялар орындалды:
кардия ахалазиясы диагнозы бар пациентке пероральді эндоскопиялық миотомия жасалды;
Қазақстанда алғаш рет асқазанның шырышты асты түзілуінің толық қабырғалы эндоскопиялық резекциясы жасалды;
4 (төрт) пациентке тоқ ішектің, асқазанның эпителий түзілімдерін және асқазанның шырышты асты түзілімдерін жою кезінде әртүрлі әдістерді қолданып, шырышты асты қабатта эндоскопиялық диссекциялар жасалды.
Операциядан кейінгі кезеңдегі барлық пациенттер өздерін жақсы сезінеді және шығуға дайындалып жатыр.
"Мен сіздерді Қазақстанда қарсы алғаныма өте қуаныштымын. Бұл эндоскопиялық араласудың жаңа әдістерін көрсетуге, практикалық жұмыста өз тәжірибесімен және білімімен бөлісуге тамаша мүмкіндік болды.
Мен науқастарды дайындаған ҰҒОО дәрігерлерінің командасына ризамын, солардың арқасында операцияларды орындаудың барлық әдістерін көрсете алдым. Бұрын мен өз тәжірибемді осы жерде өткендегідей егжей-тегжейлі көрсете алмап едім. Болашақта біз өз дағдыларымызбен және шеберліктерімізбен бөлісуді жалғастыруды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ, биыл Америка мен Жапонияда ұсынылатын жаңа әдістер күтілуде. Біз Өзбекстанда, Украинада болдық және Қазақстан сияқты өзіміздің достастық елдермен де бөлісетін боламыз"- деп атап өтті доктор Fatih Aslan.
Барлық білім алушылар алған білімдері мен тәжірибелеріне риза болып, шақырылған дәрігерлер мен іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Мастер-класс аяқталғаннан кейін курсанттарға сертификаттар берілді.
Іс-шараның бас демеушісі: Қазақстандағы "Olympus Company" өкілдігі.