Астана қ., Керей, Жәнібек хандар қ., 3 үй
Версия для слабовидящих

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық ғылыми онкология орталығының Басқарма төрағасы Жандос Қонысұлы Бүркітбаев

Қазіргі уақытта онкологиялық аурулармен диспансерлік есепте 180 мыңнан астам қазақстандық тұр. Жыл сайын елімізде қатерлі ісіктердің 35 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі, 14 мыңнан астам адам жыл сайын онкологиялық аурулардан қайтыс болады.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша (2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауы) ел Үкіметі қолданыстағы Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы (ҰОТҒО) базасында Ұлттық ғылыми онкология орталығын (ҰҒОО) құру туралы шешім қабылдады.

Ғылыми орталықтың заманауи ғимаратын салу стратегиялық әріптестерді тарта отырып және халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

ҰҒОО қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеудің барлық бірегей әлемдік технологиялары шоғырланатын елдің онкологиялық қызметін дамытуды үйлестіру және бақылау орталығына айналуы тиіс.

Орталық қызметінің маңызды бағыттары:

- ҰҒОО-ның зияткерлік әлеуетін сақтау, нығайту және дамыту, оның ішінде профилактиканың, диагностиканың, емдеудің, оңалтудың, паллиативтік көмектің және оларды өңірлерге тасымалдаудың дербестендірілген әдістерін әзірлеу бойынша;

- жаңа инновациялық технологияларды тәжірибеге енгізу үшін медициналық және медициналық емес бейіндегі онкологиялық қызмет мамандарын даярлау.

Бүгінгі күні қойылған міндеттерді іске асыру үшін мыналар жүзеге асырылды.

Ағымдағы емдеу қызметін сақтау қажеттілігін ескере отырып, жаңа онкология орталығы құрылысының жобасы екі кезекке бөлінген: 2021 жылға дейін жаңа емдеу-диагностикалық корпусын салу және 2022 жылдың соңына қарай жұмыс істеп тұрған клиника ғимаратын қайта жаңарту.

         ҰҒОО құрылысына үздік жобалау, құрылыс және инжинирингтік компаниялар тартылды.

Конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді Қазақстанда да, шетелде де әлеуметтік және өнеркәсіптік объектілерді жобалауда үлкен тәжірибесі бар швейцариялық IT Engineering S.A. компаниясы жүзеге асырады.

Жобалаудың жоспарланған төрт кезеңінен бүгінгі күні алғашқы екі кезеңі аяқталды және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.У. Мамин Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың келісімі бойынша ҚР Үкіметінің Қаулысымен жаңа онкологиялық орталықтың құрылысын салу және инжинирингтік сүйемелдеу жөніндегі компаниялар белгіленді.

Бас мердігер болып «B&A Сontractors SA» халықаралық компаниясы анықталды, оның жобалары біздің елімізде жүзеге асырылды, олардың ішінде Республикалық диагностикалық орталық, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық, Республикалық велотрек, «Астана опера» опера және балет театры, Нұр-Сұлтан қаласындағы әуежайдың халықаралық терминалы бар.

Инжинирингтік сүйемелдеуді Deloitte TCF компаниясы жүзеге асырады - Халықаралық бизнес саласындағы трансұлттық ауқымдағы төрт ірі беделді компаниялардың бірі және олардың қызметі мінсіз іскерлік беделге негізделген.

Deloitte TCF есебінде АҚШ-та, Нидерландыда, Австралияда және басқа да елдерде медициналық нысандар құрылысын сүйемелдеу және медициналық техниканы жеткізу бар.

Deloitte TCF-тың еліміздің әлеуметтік саласындағы жобаны инжинирингтік басқарудағы алғашқы жағдайы заңдылықтың сақталуына және барлық халықаралық стандарттарға сәйкестігіне кепілдік беретініне күмән жоқ.

ҰҒОО-ның стратегиялық серіктестері жетекші медициналық және ғылыми орталықтар - University College London университеттік клиникасы, Оңтүстік Кореяның Ұлттық онкологиялық орталығы,  С. Березин атындағы Медициналық институты  (Санкт-Петербург, Ресей).

Жапонияның Ұлттық онкологиялық орталығын, Еуропалық онкология институтын (Италия), MD Anderson (АҚШ) онкологиялық орталығын, Германия, Австрия, Израиль университеттік клиникаларын стратегиялық серіктестікке тарту туралы келіссөздер жүргізілуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ), Обырды бақылау жөніндегі халықаралық одақпен (UICC), Обырды зерттеу жөніндегі халықаралық агенттікпен (ОЗХА), Еуропалық онкологтар қауымдастығымен (ESMO) ынтымақтастық мәселелері пысықталуда.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес (2018 жылғы Жолдау) ҰҒОО-н протондық, сәулелік және лазерлік терапия, сондай-ақ ядролық медицина технологияларын қоса алғанда, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге арналған ең озық жабдықтармен жабдықтау көзделеді.

Бұл ретте біз мынадай қағиданы басшылыққа аламыз: «бізге жабдықты жеткізуші - өндірушілер қажет емес, бізге - стратегиялық серіктестер – жабдықтардың үздіксіз жұмыс істеуін және мамандарды оқытуды қамтамасыз ететін, бірлескен ғылыми ізденістер жүргізетін, саланы интеллектуалды және кадрлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын, ҰҒОО-на да, өңірлерге де жаңа технологияларды трансферттеуге ықпал ететін медициналық жабдықты өндірушілер қажет».

Онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге арналған медициналық жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз ету өндірісіндегі әлемдік көшбасшылар – Varian Medical Systems International AG, Ion Beam Applications (IBA), Philips және басқа да компаниялар жаңа орталықпен осындай ынтымақтастыққа дайын екендігін мәлімдеді.  Жабдық тікелей өндірушілерден сатып алынады деп болжануда.

Сатып алынатын жабдықтардың тізбесі оны сатып алудың негізділігіне және пайдаланудың тиімділігіне тәуелсіз сараптамалық бағалаудан өтеді.  Бұған жетекші тәуелсіз қазақстандық және шетелдік сарапшылар, стратегиялық серіктестер, сондай-ақ Deloitte TCF компаниясы тартылады.

Барлық белгіленген міндеттерді табысты іске асыру үшін тиісті кадрлық қамтамасыз ету қажет.

Осыған байланысты, ағымдағы жылдың күзінен бастап Дүниежүзілік банктің қаржылық қолдауымен Жапонияның, Оңтүстік Корея мен Германияның жетекші онкологиялық орталықтарында ҰҒОО үшін мамандар даярлау басталады, ҰҒОО стратегиялық серіктестері жүзеге асыратын тегін оқуға жіберу үшін 35 маманды конкурстық іріктеу жүргізіледі.

ҚР Білім және ғылым министрлігімен шетелдік клиникаларда тағылымдамадан өту және мамандарды «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде шетелдің жоғары оқу орындарына магистратураға оқуға жіберу мүмкіндігі зерттелуде.

Клиникалық мамандарды дайындаумен қатар елге қажетті медициналық физиктер, химиктер, техник-дозиметристер, радиациялық қауіпсіздік жөніндегі инженерлер және ядролық медицина, протондық және сәулелік терапия үшін басқа да мамандар даярлау жоспарлануда.

Жалпы, 250 маманды оқыту жоспарлануда.

Осылайша, ғылыми зерттеулер жүргізу тәжірибесі бар білікті зерттеушілер мен клиницистер тобы, сондай-ақ техникалық бейіндегі жоғары мамандандырылған мамандар даярланады.

Бұл ұлттық онкологиялық қызметті заманауи үрдістерге сәйкес жаңғыртуға және жақын болашақта өз онкологиялық мектебін құруға мүмкіндік береді.

Персоналды дайындаумен қатар онкология саласында ғылыми зерттеулер жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасалатын болады. ҰҒОО-нда зерттеу орталығын құру жоспарлануда. Оның зертханаларында геномдық және протеомдық зерттеулер, ағынды цитометрия, микроскопия, тіндік инженерия, биоақпараттық талдау жүргізілетін болады.

ҰҒОО алдында 2021 жылға дейін орталықтың ағымдағы көп бейінді медициналық қызметін халықаралық стандарттарға сәйкес онкологиялық көмек көрсету жөніндегі қызметке толық қайта бейіндеу күрделі міндеті тұр.

Бұл ретте қатерлі ісіктері бар пациенттерді емдеудің ажырамас бөлігі болып табылатын оңалтуға үлкен назар аударылатын болады. Қызметі тіршілікті қамтамасыз ету дағдыларын, еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруге және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталатын онкологиялық оңалтудың арнайы бөлімшелерін құру керек.

Популяциялық және жеке деңгейде онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте диагностикалау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін ҰҒОО құрылымында обыр ауруларын бақылау жөніндегі орталық құрылады. Бұл орталық обырдың алдын алудың, ескертудің және ерте диагностикалаудың заманауи және тиімді технологияларын әзірлейді және енгізеді.

Пайдалануға енгізілгеннен кейін ҰҒОО-нда жыл сайын 6 000-нан астам пациент стационарлық емнен өтеді, консультациялық – диагностикалық көмекпен шамамен 30 000 пациентті қамту жоспарлануда, оның ішінде 10 000 – ға жуық позитрондық-эмиссиялық томографиямен (ПЭТ), сәулелік және лазерлік терапияны пайдалана отырып емдеу-шамамен 4 000 пациент, ал 2 емшара бөлмесі жұмыс істеген кезде Протон орталығының өткізу қабілеті жылына 700-800 пациентті құрауы мүмкін.

Қызметкерлерді ынталандыру мен мотивациялауға бағытталған әлеуметтік құрамдас бөлігі де маңызды.

Сонымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдаухаты бойынша Нұр-Сұлтан әкімшілігі ҰҒОО-мен бір кварталда МЖӘ тетіктерін қолдана отырып, көп пәтерлі тұрғын үй салуға ҰҒОО-ның болашақ мамандарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жер учаскесін бөлді.

Барлық белгіленген міндеттер мен алғашқы нәтижелерді Нұр-Отан партиясы алаңында қоғамдық тыңдауға шығаруды жоспарлап отырмыз.            

ҰҒОО алдында іске асырудың қысқа мерзімдеріне қарамастан жоғары, өр мақсаттар тұр.

Күрделі және көп жоспарлы міндеттер орындалуы тиіс. Енді барлық жоспарларды практикалық әрекет тіліне аудару қажет. Бұл мүдделі мемлекеттік органдардың келісілген іс-қимылдарына, жігерлі еңбегі мен таңдаған ісіне мамандардың адал қызмет етуіне тікелей байланысты.

Барлығы «обыр» деген қорқынышты диагнозды өлім жазасы деп санамауға бағытталады. Орталықты құру арқылы қазақстандық пациенттер өз отанында, жақындарының қасында үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес ең жоғары технологиялық мамандандырылған ем ала алады. Ауруды ерте анықтау пациенттердің көп санын толық емдеуге мүмкіндік береді.

Олар үшін жасалған ұзақ және толыққанды өмір сүру мүмкіндігі - ең батыл және күрделі жоспарларды жүзеге асыратын барлық адамдар үшін басты марапат болып табылады.