2024 жылғы 19 тамызда Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта Башқұртстан Республикасының бас онкологы, медицина ғылымдарының кандидаты Рүстем Талғатұлы Аюповтың қатысуымен "Башқұртстан Республикасында скринингтік бағдарламаларды ұйымдастыру" тақырыбында семинар өткізілді. Іс-шараның мақсаты-эндоскопиялық скринингтік орталықтарды құруда тәжірибе алмасу және үздік тәжірибелерді енгізу.
Семинарға Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының, Астана қаласының Көпсалалы медициналық орталығының өкілдері, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың клиникалық бөлімшелерінің меңгерушілері және басқа да мүдделі мамандар қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыбы колоректальды қатерлі ісік скринингін ұйымдастыру және жүргізу болды. Семинар барысында сарапшылар Башқұртстан Республикасында скринингтік бағдарламаларды жүргізу тәжірибесімен танысты, колоректальды қатерлі ісікке эндоскопиялық скринингтік зерттеулерді ұйымдастыру бойынша негізгі мәселелерді талқылады және жекелеген клиникалық жағдайлар мысалында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша пікір алмасты.
Профилактикалық медицинаның бөлігі ретінде колоректальды обырды анықтау бойынша халық арасында скринингтік зерттеулер жүргізу кез келген елдің денсаулық сақтау жүйесінде басым міндет болып табылады. Өздеріңіз білетіндей, колоректальды қатерлі ісік әлемде онкологиялық аурулардың таралуы бойынша үшінші орында. Ол қатерлі ісіктердің барлық жағдайларының шамамен 10% құрайды. Колоректальды қатерлі ісік бүкіл әлемде қатерлі ісік ауруынан болатын өлім-жітімнің екінші себебі болып табылады.
Қатерлі патологияның алдын алудың және ерте анықтаудың тиімді әдісі тұрақты скрининг болып табылады, оны 50 жастан 70 жасқа дейінгі қазақстандықтар әр 2 жыл сайын өткізе алады.