Астана қ., Керей, Жәнібек хандар қ., 3 үй
Версия для слабовидящих

7 маусымда Ұлттық ғылыми онкология орталығының конференц-залында "Қайтыс болғаннан кейінгі донордан алғашқы ортотопиялық бауыр трансплантациясына 10 жыл" атты баспасөз конференциясы өтеді, онда ҰҒОО-ң жетекші трансплантологтары, тәжірибелі хирургтары және онкологтары жиналады.

 

Негізгі спикерлердің қатарында Басқарма Төрағасының м.а. Санжар Шалекенов, медицина ғылымдарының докторы, жоғары білікті санатты дәрігер, Қазақстандық тамырлы хирургтар қоғамының және ҚР флебологтар қауымдастығының президенті, ҰҒОО хирургия жөніндегі бас консультанты Тоқан Сұлтаналиев, ҰҒОО Басқарма Төрағасының клиникалық қызмет жөніндегі орынбасары Әділбек Мұқажанов, ҚР ДСМ "Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық" ШЖҚ РМК директоры Сәуле Шайсұлтанова, ҰҒОО тамырлы хирургия орталығының меңгерушісі, профессор Ирлан Сағандықов, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының (ҰШМҮО) ахуалдық орталығының басшысы Бақыт Жарқымбеков.

Күні мен уақыты: 7 маусым, 10.30
Өтетін орны: ҰҒОО,
Керей, Жәнібек хандар көшесі, 3, конференц-залы.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донордан бауырды алғашқы ортотопиялық трансплантациялау 10 жыл бұрын - 2013 жылы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың (бұрынғы атауы- ҰҒОТО) базасында орындалған болатын. Операцияны профессор Тоқан Сұлтаналиев басқарды.

Операция сәтті өтті. Бұл отандық хирургтардың, трансплантологтардың командасы алғаш рет шетелдік мамандарды тартпай-ақ өз күштерімен күрделі ота жасап, Қазақстанда трансплантологияның дамуын бастаған феноменальды жағдай болды.

Алғашқы реципиент Антонина Позигун болды, ол сонымен бірге баспасөз конференциясына қатысып, өз тарихын айтып береді. Елімізде бауыр трансплантациясы бағдарламасы басталғаннан кейін, ол күту тізіміне енгізілген. Донорлық орган табылған кезде оны шұғыл түрде санавиация онкологиялық орталыққа жеткізді. Донор инсульт салдарынан қайтыс болған ер адам болды. Трансплантациялау үшін органдарды алуға келісім оның әйелінен алынды.
Операцияны жүргізу үшін қазақстандық хирургтармен бірлесіп Беларуссиядан трансплантологтар шақырылған болатын, алайда күтпеген жағдайлар туындады. Оларды бір күннен артық күту керек болды, ал науқас бауыр циррозы мен өңештің варикозды тамырлары аясында өңештен қан кетудің келесі эпизодынан кейін ауыр жағдайда болды. Отандық трансплантологтардың алдында күрделі таңдау болды: науқас өледі немесе операция жасау қажет. Дәрігерлер пациенттің пайдасына өз таңдауын жасады.

Қазіргі уақытта бауыр трансплантациясы әлемнің 80-нен астам елінде жүргізілуде. Қазақстанда трансплантация медицинаның маңызды стратегиялық бағыттарының бірі, бүгінде Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларының ғылыми орталықтары мен өңірлік клиникаларында қарқынды дамып келеді.

Бұл ретте тәжірибеге әлемдік стандарттар деңгейінде озық трансплантация технологиялары үнемі енгізіліп отырады.
Осы бағыттың дамуының жаңа кезеңінің арқасында өлім-жітімді азайтуға және пациенттердің өмір сүру ұзақтығын арттыруға ғана емес, сонымен қатар бауыр ауруларының терминалды кезеңдері бар көптеген науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға, оларды қоғамдағы толыққанды өмірге қайтаруға мүмкіндік туды.

Мәселен, соңғы 10 жылда қазақстандық трансплантологтар тек бауыр трансплантациясы бойынша 434 операция жүргізді, оның ішінде ҰҒОО базасында - 60-қа жуық трансплантация жасалды. Жүргізілген операциялардың нәтижелері көрсеткендей, реципиенттердің өмір сүру деңгейі айтарлықтай жоғары және дамыған елдердің деректерімен салыстыруға болады.
Бұл ретте бауыр трансплантациясына мұқтаж адамдар тізімінің негізгі бөлігін вирустық және аутоиммунды этиологиясы бар бауыр циррозы бар пациенттер құрайды. Бүгінгі күні оларға негізінен туыстық трансплантациялар жасалады. Өлімнен кейінгі донордан трансплантация этикалық және заңнамалық аспектілер бойынша көптеген мәселелердің болуына байланысты әлдеқайда төмен.

Трансплантацияның барлық кезеңінде тірі донорлардан 1 923 (84,8%), ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан 345 (15%) ғана жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда транспланттаудың барлық түрлері медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде, яғни бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар, операциядан кейінгі кезеңде барлық пациенттер қажетті иммуносупрессивті терапиямен қамтамасыз етіледі және тегін оңалтудан өтеді.

Анықтама: 2013-2022 жылдар кезеңінде, яғни соңғы 10 жылда Қазақстан Республикасында ағзаларды транспланттау бойынша барлығы 2314 операция жүргізілді.
Оның ішінде 1712 бүйрек трансплантациясы; 434 бауыр трансплантациясы; 88 жүрек трансплантациясы, 300-ге жуық мүйізді қабық трансплантациясы.
Қазіргі уақытта күту парағында тұрғандар саны: 3805 адам, оның ішінде 100 бала.
ҰҒОО-да осы кезеңде 440 бүйрек трансплантациясы; 64 бауыр трансплантациясы жасалды.

 

ҰҒОО баспасөз қызметі, +7 778 700 43 24,
Алуа Жарылқасынқызы Мырзаханова.