Ағзаға зақым келтірмей, ісікті алып тастау

Бүгінде онкоурологияның негізгі мақсаттарының бірі – клиникалық жағдай мүмкіндік берсе, ісікті алып қана қоймай, бүйрек немесе басқа да ағзаны, оның қызметін сақтап қалу және сонымен бірге қажетті онкологиялық емді толық жүргізу.


ҰҒОО-да несеп-жыныс жүйесі ісіктеріне байланысты түрлі операциялар жасалады. Олардың қатарында аз инвазивті және ағзаны сақтауға бағытталған оталар, сондай-ақ таралған ісіктер кезінде жүргізілетін күрделі хирургиялық араласулар бар. Орталықтың мүмкіндігі ісікті хирургиялық жолмен емдеумен ғана шектелмейді. Мұнда бүйрек трансплантациясы да дамып келеді. Соның ішінде донор мен реципиенттің қан тобы сәйкес келмейтін жағдайларда да трансплантация жасау мүмкіндігі бар.


Онкоурологиялық аурулары бар науқастарды емдеу тәсілдерінің қалай өзгеріп жатқаны туралы ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 халықаралық конференциясының «Онкоурология» секциясында да сөз болды. Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Ресей және АҚШ мамандары қуықасты безі, бүйрек, қуық обыры және аталық без ісіктерін емдеудегі тәжірибелерімен бөлісті. Роботтық және аз инвазивті хирургия, ПЭТ-диагностика, дәрі-дәрмектік және сәулелік терапия, сондай-ақ ісік үдерісі кең таралған жағдайларда жасалатын күрделі операциялар талқыланды.


Конференцияға шетелден келген сарапшылардың бірі бүгінгі таңда ем нәтижесін тек аурумен күрес тұрғысынан бағалау жеткіліксіз екенін атап өтті.


«Онкоурологияны тек хирургия, дәрі-дәрмектік немесе сәулелік терапиямен шектеуге болмайды. Емдеу тәсілдері кешенді болуы керек. Яғни, ем нәтижесімен қатар, науқастың өмір сапасын да ескеру қажет», – деді Әзербайжан Ұлттық онкология орталығының бас директорының орынбасары Фуад Гулиев.


Сарапшы Қазақстандағы онкологиялық көмектің дамуын және Ұлттық ғылыми онкология орталығының мүмкіндіктерін де атап өтіп, протондық терапияға ерекше назар аударды.


Ал бұл туралы бүгін, Дүниежүзілік урологтар күні айтудың мәні зор.


Әріптестерімізді кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Науқастардың игілігі жолындағы біліктіліктеріңіз, күрделі шешімдер қабылдаудағы шеберліктеріңіз және күн сайынғы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамыз.