ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 халықаралық форумының ауқымды бөлімі ядролық медицина мен радиациялық онкологияға арналды. Бұл – бүгінде ісікті барынша дәл анықтауға, оның ерекшеліктерін бағалауға және әр пациентке тиімді емдеу тәсілін таңдауға мүмкіндік беретін маңызды бағыттар.
Форумға Қазақстан, Франция, Португалия, Дания, АҚШ, Ресей және басқа да елдерден келген сарапшылар радиациялық технологиялардың толық даму жолын талқылауда. Оның ішінде жаңа радиофармпрепараттарды өндіру, ПЭТ/КТ және ПЭТ/МРТ арқылы диагностика жасау, тераностика мен радиолигандтық терапия, сәулелік және протондық терапияның заманауи әдістері, сондай-ақ жасанды интеллект, қауіпсіздік пен сапаны бақылау мәселелері бар.
Бағдарламаның бір бөлігі бүгінде ҰҒОО клиникалық тәжірибеге енгізілген технологияларға арналды. Қазір Орталық радиофармпрепараттарды өз базасында өндіреді, балаларға да ПЭТ/КТ зерттеуін жүргізеді, Қазақстанда алғаш болып ПЭТ/МРТ технологиясын енгізді, радионуклидтік терапияны және сәулелік терапияның заманауи әдістерін дамытып келеді. Сонымен қатар Орталық Азиядағы протондық терапия бағытын алғаш дамытқан медициналық ұйым. Бүгінде протондық емді 180-нен астам пациент аяқтады.
Бұл жерде әңгіме тек заманауи жабдықтар туралы емес. Соңғы жылдары Қазақстанда радиациялық медицина инфрақұрылымы да айтарлықтай дамыды. Егер 2010 жылы елде бір ғана ядролық медицина орталығы және бір ПЭТ сканері болса, 2026 жылға қарай олардың саны 10 орталық пен 17 ПЭТ сканеріне жетті.
Келесі кезең – тераностика мүмкіндіктерін кеңейту, жаңа радионуклидтер мен технологияларды клиникалық тәжірибеге енгізу, отандық ғылыми құзыреттерді дамыту және осы бағытта білікті мамандар даярлау.
