Кеуде қуысы ағзаларының қатерлі ісіктерін емдеуде тиісті әдісті таңдау ғана емес, аурудың өзіндік ерекшеліктерін терең түсініп, әр науқас үшін ең тиімді емдеу тәсілін анықтау маңызды.
Осы мәселелер ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 аясында өткен «Торакальды онкологиядағы заманауи тәсілдер» секциясында кеңінен талқыланды. Басқосуға Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің мамандары қатысты.
Өкпе мен кеуде қуысы ағзаларының басқа да қатерлі ісіктерін емдеу күрделі әрі көбіне кешенді тәсілді қажет етеді. Секция барысында мамандар хирургияның жаңа мүмкіндіктерін, сондай-ақ науқасқа барынша ұқыпты қарап, операцияны жоғары дәлдікпен жасауға мүмкіндік беретін аз инвазивті, эндоскопиялық және роботтандырылған хирургиялық әдістерді талқылады.
Алайда қазіргі торакальды онкология хирургиямен ғана шектелмейді. Дәрілік және нысаналы терапия, молекулалық диагностика мен биомаркерлердің маңызы артып келеді. Бұл әдістер ісіктің биологиялық ерекшеліктерін тереңірек зерттеуге, соның негізінде әр науқасқа оңтайлы емдеу тактикасын таңдауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жақында ғана болашақтың технологиясы саналған цифрлық патоморфология мен жасанды интеллект мүмкіндіктері де назардан тыс қалмады. Бүгінде бұл технологиялар медицина мамандарының жұмысын жетілдіретін қосымша құралға айналып, медициналық ақпараттың үлкен көлемін талдауға және клиникалық шешім қабылдау үдерісін қолдауға мүмкіндік беріп отыр.
