Сүйек кемігін трансплантациялау бойынша халықаралық симпозиумда ҰҒОО зерттеуі таныстырылды

17–19 қыркүйек аралығында ҰҒОО мамандары Санкт-Петербург қаласында өткен Р. М. Горбачёва атындағы XIX халықаралық симпозиумға қатысты. Аталған жиын гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау, гендік және жасушалық терапия саласында еңбек ететін мамандардың басын қосты.


Симпозиум аясында ҰҒОО командасы үшін маңызды оқиғалардың бірі – Орталық базасында жүргізілген клиникалық зерттеу нәтижелерінің таныстырылуы болды. Зерттеу нәтижесін ҰҒОО Онкогематология және сүйек кемігін трансплантациялау орталығының дәрігер-анестезиолог-реаниматологы Иван Мишутин таныстырды. Ғылыми жұмыс симпозиумның орыс және ағылшын тілдеріндегі ресми тезистер жинағына да енгізілді.


Симпозиум жұмысына ҰҒОО Онкогематология және сүйек кемігін трансплантациялау орталығының жетекшісі, профессор Вадим Кемайкин де қатысты.


Үш күнге созылған жиын мамандарға ғылыми нәтижелермен қатар, күнделікті клиникалық тәжірибедегі өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, күрделі клиникалық жағдайлар, трансплантациялаудың заманауи тәсілдері және осы бағытты одан әрі дамыту мәселелері ортаға салынды.


Талқылауларға Санкт-Петербург, Мәскеу, Беларусь және Өзбекстаннан келген мамандар қатысты. Сонымен қатар Франция мен АҚШ сарапшыларының баяндамалары тыңдалды.


Сапар аясында Р. М. Горбачёва атындағы Балалар онкологиясы, гематологиясы және трансплантологиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры, ТГСК, гендік және жасушалық терапия жөніндегі Ұлттық қоғамның президенті, профессор Александр Кулагинмен жеке кәсіби кездесу өтті.