Бүгін Алматы қаласында Ұлттық ғылыми онкология орталығы «Сирек кездесетін ісіктер – онкологиядағы жиі кездесетін мәселе» атты ғылыми-білім беру іс-шарасын өткізді. Кездесу «Сирек кездесетін ісіктер» ғылыми-практикалық қоғамы» автономды коммерциялық емес ұйымымен (Ресей Федерациясы) және Онколог-хирургтер қоғамымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Көшпелі форматта өткен іс-шара сирек кездесетін ісіктерді диагностикалау мен емдеу мәселелерін талқылау үшін қазақстандық мамандар мен жетекші халықаралық сарапшылардың басын қосты. Алматы қаласы мен Алматы облысындағы онкологиялық орталықтардың бас дәрігерлері және бейінді мамандардан құралған командалары белсенді қатысты.
Бағдарламаның негізгі тақырыптары – молекулалық диагностика және кешенді геномдық профильдеу, дербестендірілген және таргеттік терапия, жоғары технологиялық хирургия, клиникалық зерттеулер мен мультидисциплинарлық тәсіл. Сондай-ақ халықаралық тәжірибе мен прецизиондық онкологияның заманауи мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Шақырылған спикерлер қатарында профессорлар, Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшелері Евгений Имянитов, Сергей Орлов, Александр Феденко және Евгений Левченко болды.
ҰҒОО үшін мұндай көшпелі іс-шаралар әріптестермен тәжірибе алмасуға ғана емес, Орталықтан тыс жерлерде де кәсіби диалогты кеңейтуге мүмкіндік береді. Сирек кездесетін ісіктер жағдайында бұл әсіресе маңызды. Жекелеген диагноздар бойынша пациенттер саны аз болғандықтан, тиісті сараптамалық тәжірибе көбіне ірі мамандандырылған орталықтарда шоғырланады, ал емдеу тактикасын таңдау әртүрлі бағыттағы мамандардың бірлескен жұмысын қажет етеді.
Сондықтан жобаның негізгі міндеттерінің бірі – сирек кездесетін онкологиялық аурулары бар пациенттерді диагностикалау мен емдеуді жетілдіру, сондай-ақ оларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру сапасын арттыру.
