Сирек ісіктер әдетте ерекше жағдай ретінде қабылданады. Алайда бүгінде олар дәрігерлер, ғылым және жалпы денсаулық сақтау жүйесі үшін онкологиядағы ең күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Жеке алғанда мұндай диагноздар сирек кездескенімен, қатерлі ісіктің осы түрлерінің жалпы үлесі клиникалық тәжірибеде барған сайын артып келеді.
Ұлттық ғылыми онкология орталығында (ҰҒОО) «Сирек ісіктер – онкологиядағы жиі мәселе» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиында клиникалық онкология мен молекулалық медицина саласындағы жетекші ресейлік мамандар – Евгений Имянитов, Сергей Орлов, Александр Феденко, Евгений Левченко және өзге де сарапшылар баяндама жасады.
Конференция барысында сирек ісіктерді диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері, жоғары технологиялық онкологиялық көмекті дамыту және инновациялық шешімдерді клиникалық тәжірибеге енгізу мәселелері талқыланды. Негізгі тақырыптар қатарында ісіктің генетикалық ерекшеліктерін кешенді талдау, дәрілік терапиядағы агностикалық тәсіл, жекелендірілген және таргеттік ем, заманауи емдік бағыттар, тұқым қуалайтын ісіктерді емдеу және молекулалық диагностиканың мүмкіндіктері қарастырылды.
«Іс жүзінде әр онколог күн сайын орфандық ауруы бар науқаспен кездеседі. Бірақ мәселе – әр жолы бұл мүлде басқа ісік болуы мүмкін», – деді ісікке қарсы дәрілік терапия маманы Александр Феденко.
Конференцияда Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі қазіргі онкологиядағы басты парадоксты атап өтті: сирек диагноздардың саны соншалық көбейіп келеді, олар сирек құбылыс болудан қалып барады.
Александр Феденконың айтуынша, әлемде сирек ісіктердің шамамен 200 түрі бар. Сондықтан дәрігердің тек жеке тәжірибесімен шектелуі жеткіліксіз. Белгілі бір бағыт бойынша тәжірибе жинақтауға кейде ұзақ жылдар қажет болады. Ал мұндай конференциялар бірнеше күн ішінде қалыпты тәжірибеде 5–10 жылда жиналатын білімді игеруге мүмкіндік береді.
Сарапшы 25 жылдан бері айналысып келе жатқан сирек әрі агрессивті ісіктердің бірі – саркомаларға ерекше тоқталды. Сонымен қатар бүгінде әлемдік онкологияның назарында нейроэндокриндік ісіктер, орталық жүйке жүйесінің ісіктері, сирек онкогинекологиялық аурулар, балалар онкологиясы мен онкогематология бағыттары бар.
Сирек қатерлі ісіктерді диагностикалаудың күрделілігі туралы Ұлттық ғылыми онкология орталығының басқарма төрағасының орынбасары Оксана Шатковская айтып өтті. Оның сөзінше, негізгі қиындықтардың бірі – диагностика, өйткені сирек ісіктердің басым бөлігіне арналған жаппай скринингтік бағдарламаларды енгізу мүмкін емес.
«Өкінішке қарай, сирек ісіктер бойынша скрининг жүргізу мүмкін емес. Олар тым сирек кездесетіндіктен, ел көлемінде арнайы диагностикалық бағдарламалар жасау тиімсіз», – деді ол.
Мысал ретінде маман өкпенің нейроэндокриндік ісіктерін келтірді. Қазіргі заманғы визуализация әдістері ісікті анықтап, оның қатерлі сипатын болжауға мүмкіндік бергенімен, нақты диагноз қою үшін анағұрлым терең зерттеу қажет.
«Компьютерлік томография арқылы өкпедегі түзілісті көріп, оның қатерлі екенін болжай аламыз. Алайда оның нақты нейроэндокриндік ісік пе, әлде ұсақ жасушалы қатерлі ісік пе екенін анықтау үшін міндетті түрде гистологиялық зерттеу, иммундық фенотиптеу, кей жағдайда молекулалық-генетикалық диагностика қажет», – деді Оксана Шатковская.
Оның айтуынша, бүгінде ісіктің молекулалық ерекшеліктерін дәл анықтау тиімді емнің негізіне айналған. Қазақстанда сирек ісігі бар пациенттер молекулалық диагностика мен таргеттік терапияны қоса алғанда, мамандандырылған көмек ала алады.
«Бізде сирек ісіктермен, оның ішінде сүйек ісіктерімен айналысатын арнайы бөлімшелер бар. Ісіктің молекулалық ерекшеліктерін бірлесіп талқылау консилиумын өткіземіз, ісіктің геномдық ерекшеліктерін кешенді түрде зерттейміз және негізгі генетикалық өзгерістерін анықтап, науқасқа жеке ем тағайындаймыз», – деді ол.
ҰҒОО онкогематологиялық аурулар бойынша да жетекші орталықтардың бірі саналады. Сирек ісіктер қатарына жататын лейкоздардың көптеген түрі бар, сондықтан әр пациентке жеке тәсіл қажет.
Сонымен қатар Оксана Шатковская сирек диагноз үмітсіздік емес екенін ерекше атап өтті.
«Бұл – үкім емес. Бүгінде ем нәтижесі жекелендірілген медицинаның мүмкіндіктеріне, яғни молекулалық генетикаға, геномды кешенді талдауға және дұрыс таңдалған таргеттік терапияға тікелей байланысты», – деді ол.
Конференцияға қатысқан сарапшылар бір пікірге тоқталды: әрбір «сирек жағдайдың» артында медицина тәжірибе жинақтағанын күтіп отыра алмайтын нақты адамның тағдыры тұр. Сондықтан халықаралық тәжірибе алмасу, сараптамалық орталықтарды дамыту және мамандар даярлау – болашақтың емес, бүгінгі күннің міндеті.
