2025 жылғы 7 сәуірде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығы аясында өткізілген халықаралық іс-шаралардың қатысушылары Ұлттық ғылыми онкологиялық орталыққа (ҰҒОO) барды.
Қонақтар қатарында – Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, ДДСҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге және түркі тілдес елдердің денсаулық сақтау министрлері бар. Олардың барлығы – ұлттық және халықаралық деңгейде денсаулық сақтау күн тәртібін қалыптастыратын танымал сарапшылар.
Меймандарға радиациялық технологиялар орталығының негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, тераностика, сәулелік және протонды терапия бөлімшелерінің жұмысы көрсетілді. Бұл бөлімдерде радиоизотоптық диагностика мен жоғары технологиялы емдеудің заманауи әдістері қолданылады.
«Біз Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықты жай ғана көрсету емес, сонымен қатар медициналық көмек көрсету саласындағы бар мәселелер мен болашақ мүмкіндіктерді де ортаға салғымыз келеді. Мұндағы көптеген жабдықтар Орталық Азия өңірінде баламасы жоқ бірегей құралдар. Сол себепті тиісті ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, мен әріптестеріме бұл орталықтың білікті кадрлық әлеуеті жоғары екенін де ерекше атап өттім. Мұның бәрі – ең алдымен, халқымыз үшін. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бес елдің тұрғындары үшін маңызды. Бүгінгі таңда бұл – 200 миллионнан астам адам. Бізде зор әлеует бар және біз бірлесіп жұмыс істеуге әрдайым дайынбыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Делегация тарапынан радиоизотоптық диагностика секторы ерекше қызығушылық тудырды. Негізгі технологиялар қатарында:
• Фотондарды цифрлық санау жүйесі бар ПЭТ/КТ – аз мөлшердегі сәуле жүктемесімен жедел әрі нақты диагностика жүргізуге мүмкіндік береді;
• ПЭТ/МРТ – Орталық Азияда теңдесі жоқ аппарат, екі әдісті бір зерттеуге біріктіреді, бұл әсіресе күрделі онкологиялық патологиялар кезінде тиімді;
• ОФЭКТ/КТ – аурулардың кең спектрін анықтауға мүмкіндік беретін функционалды және анатомиялық бейнелеу әдісін біріктіреді.
Радионуклидті терапия секторы арнайы желдету және сұйық радиоактивті қалдықтарды сақтау жүйелерімен жабдықталған 8 «активті палатадан» тұрады. Бұл палаталар радиоактивті препараттармен ем алатын науқастар үшін арналған.
Сәулелік терапия бөлімшесінде мультидисциплинарлық топтың (МДГ) қорытындысы мен көрсетілімдері негізінде кең ауқымды емдеу әдістері қолданылады: ота алдындағы және отадан кейінгі сәулелік терапия, химиясәулелік, аралас және кешенді емдеу, сондай-ақ дербес (радикалды) сәулелік терапия мен паллиативтік сәулелендіру. Бұл процедуралардың тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Varian Medical Systems Inc. (АҚШ) компаниясының заманауи жабдықтары пайдаланылады: BRAVOS контактілі терапия жүйесі, EDGE, TrueBeam STx қондырғылары және Ethos адаптивті сәулелік терапия жүйесі.
Орталық Азияда алғаш рет Протонды терапия орталығы ҰҒОО базасында құрылуда, бұл онкологиялық көмектің жаңа кезеңін ашатын бірегей жоба. Протондық терапия – қатерлі ісіктерді емдеудің ең дәл әрі қауіпсіз әдістерінің бірі. Жоба әлемдегі ең озық жүйелердің бірі саналатын Varian ProBeam технологиясымен іске асырылуда. Орталықтың ашылуы 2025 жылдың жазына жоспарланған: құрылыс және монтаж жұмыстары аяқталып, жабдықтар орнатылды, мамандар жетекші халықаралық клиникаларда оқудан өтуде.
«Орталықтың жалпы аумағы – 60 мың шаршы метр. Жоспарлы төсек-орын саны – 210, алайда қазіргі таңда бұл көрсеткіштен асып отырмыз. Поликлиника күніне 500 адамды қабылдай алады. Жоба 6 жыл бойы әзірленіп, озық онкологиялық технологиялар хабы ретінде іске қосылды. Желтоқсан айында біз толық көшу жұмыстарын аяқтадық, енді жылына 15 мыңдай науқасқа көмек көрсетіледі деп күтіп отырмыз. Біздің стратегиялық серіктесіміз – Deloitte компаниясы. Жоба аса күрделі болғандықтан, бізге халықаралық стандарттарға сай сараптамалық сүйемелдеу қажет болды», – деді ҰҒОО басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаев.
Протонды орталықтың барлық жабдықтары бір өндірушіден алынған – бұл шешім процестерді стандарттау және кадрларды сапалы даярлау мақсатында қабылданды.
Диагностикалық зерттеулер алдын ала жазылу арқылы жүргізіледі және кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек (ККТМК) пен МӘМС аясында ұсынылады. Орталық жұмысының негізгі ерекшелігі – әр науқасқа жеке көзқарас пен зерттеуге дайындық стандарттарының қатаң сақталуы.
Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға жол ашып, онкологиялық ауруларды жоғары технологиялық диагностикалау мен емдеудегі Қазақстан медицинасындағы нақты мүмкіндіктерді паш етеді. Кездесу барысында бірлескен ғылыми-білім беру және клиникалық жобаларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстар айтылды. Халықаралық әріптестер тарапынан қызығушылықтың артуы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың қазіргі және болашақтағы әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
