Ұлттық ғылыми онкология орталықта (ҰҒОО) Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) Бас директорының орынбасары Лю Хуа бастаған делегациямен кездесу өтті.

Делегация құрамында Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) Техникалық ынтымақтастық департаментінің бағдарлама менеджері Сибель Үнлу және Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Сергазин болды.


Қонақтарға Орталық Азияда теңдесі жоқ ҰҒОО-ның бірегей клиникалық кешені таныстырылды. Бұл кешен заманауи инфрақұрылымды және озық технологияларды біріктіреді: радиациялық технологиялар орталығы, заманауи циклотронды-өндірістік кешен, сәулелік және протондық терапия мүмкіндіктері, сондай-ақ сараптамалық эндоскопия және интервенциялық радиология бөлімшесі. Мұндай интеграциялық тәсіл орталыққа онкологиялық көмектің толық циклын — диагностикалаудан бастап, емдеуге, ғылыми зерттеулер мен инновацияларды енгізуге дейін — қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


ҰҒОО Басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаевтың айтуынша, Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) ынтымақтастық ядролық медицинаны дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады.

«Біз мұнда болғанымызға өте қуаныштымыз. Орталық тек жоғары технологиялық медициналық қызметтер саласында ғана емес, сонымен қатар көмек көрсету жүйесін ұйымдастыру тұрғысынан да үлкен жетістікке жеткен. Сіздің орталығыңыз – ең үздіктердің бірі, мамандардың жұмысы әсер қалдырды. Нысандарыңызды аралағанымызға қуаныштымыз. Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) сіздердің бастамаларыңызды, әсіресе тірек (референстік) орталық құру ісін қолдайды. Біз үшін сіздердің тек өз еліңізге ғана емес, көршілес мемлекеттерге де көмек көрсетулеріңіз маңызды. Сіздердегі техникалық әлеуетті көрдік және бірлесе жұмыс істейтін боламыз», – деді Халықаралық атом энергиясы агенттігінің өкілі.


Кездесу соңында тараптар бірлескен жобалардың келешегін талқылады. Олардың ішінде ҰҒОО базасында Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) Anchor Centre – ядролық медицина мен онкология саласындағы халықаралық стандарттарды қалыптастыратын, тәжірибе алмасу мен өңірлік ынтымақтастықты дамытатын жетекші платформа құру бастамасы бар.


Бейнеге сілтеме: Смотреть на YouTube