ҰҒОО секциялармен қатар, конференцияның ауқымды ғылыми бағдарламасы форумның тең ұйымдастырушысы – ҰНО да жалғасуда

Қазақстан, Жапония және Ресейден келген сарапшылар тиреоидологияның бүгінгі даму бағытын талқылауда. Атап айтқанда, диагностикалау мен хирургиялық емдеудің жаңа мүмкіндіктерінен бастап, радиойодтерапия, молекулалық-генетикалық зерттеулер және қалқанша безі обырын жекелендіріп емдеу мәселелеріне дейін қамтылды.


 


Қазіргі медицинада емдеу тәсілі көбіне бір ғана әдіске емес, түрлі сала мамандарының бірлескен жұмысына негізделеді. Хирург, онколог, эндокринолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, морфолог, генетик және ядролық медицина маманы нақты пациентке тиімді ем тактикасын бірлесе айқындайды.


Бағдарламада аз инвазивті және эндоскопиялық хирургия, қалқанша безі қатерлі ісігінің таралған түрлерін емдеу, ультрадыбыстық зерттеуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, молекулалық диагностика, радиойодтерапия және күрделі клиникалық жағдайларды талдау мәселелері қамтылған.


Жапониядан келген Нагасаки Росай госпиталінің өкілі Шигето Маэда халықаралық тәжірибесімен бөлісті. Ал Қазақстандық мамандар қалқанша безі ауруларын диагностикалау және емдеу саласындағы отандық клиникалық әрі ғылыми тәжірибелерін таныстыруда.


Яғни, дәл диагноз қоюдан бастап емдеу тактикасын таңдауға дейінгі үдеріс хирургиямен ғана шектелмей, ядролық медицина мен жекелендірілген терапияны да қамтиды.


Әртүрлі емдеу әдістері мен бейінді мамандардың тәжірибесін бір арнаға тоғыстыру – бүгінгі бағдарламаның өзегіне айналған мультимодальды тәсілдің басты ерекшелігі.