Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы мен Pfizer халықаралық биофармацевтикалық компаниясы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуді жетілдіруге, сондай-ақ профилактикалық іс-шаралар мен скринингтік бағдарламаларды дамытуға бағытталған ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Тараптар бірлескен жұмысты келесі бағыттар бойынша жүзеге асыруға ниетті:
• қазақстандық дәрігерлердің клиникалық практикасына онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу;
• онкологиялық аурулардың заманауи терапиясы мәселелері бойынша денсаулық сақтау мамандарының білім деңгейін арттыру мақсатында ғылыми-білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу;
• ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес бірқатар онкологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттарға (ел аумағында тіркелмеген) ерте қол жеткізу бағдарламаларын іске асыру.
Сонымен бірге ынтымақтастық консультацияларды, бірлескен конференцияларды, форумдарды, дөңгелек үстелдерді және өзге де іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуді, сондай-ақ талдамалық шолуларды, жарияланымдарды, статистикалық және анықтамалық материалдарды дайындау мен алмасуды қамтиды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының Басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаев: «Еліміздің қатерлі ісікті жоғары технологиялық диагностика мен емдеуге маманданған жетекші медициналық мекемесі мен онкология саласында терең тәжірибесі бар әлемдік фармацевтика саласы көшбасшыларының бірі арасындағы әріптестік Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және халықтың денсаулығын қорғауға ықпал етуге бағытталған. Біз осы маңызды міндеттерді орындауда күш біріктіріп, тәжірибе, білім және технологиялармен алмасу арқылы нәтижеге қол жеткізуге болатынына сенімдіміз».
Қазақстан Pfizer компаниясы үшін стратегиялық маңызды бағыт болып табылады. Компания 1995 жылдан бері елге халық арасында сұранысқа ие әрі қазақстандық дәрігерлердің тәжірибесінде кеңінен қолданылатын дәрілік препараттарды, оның ішінде өзінің онкологиялық портфеліндегі өнімдерді жеткізеді. Олардың қатарында сүт безі қатерлі ісігін, өкпе қатерлі ісігін, бүйрек қатерлі ісігін және бірқатар онкогематологиялық ауруларды (қанның қатерлі ісігін) емдеуге арналған препараттар бар.
Сонымен қатар, бірнеше жыл бойы компания Қазақстанда өндірісті жергіліктендіру жүзеге асыруда, оның шеңберінде жергілікті өндірістік алаңда пневмококк инфекциясынан қорғауға арналған инновациялық вакцинаны өндіру үшін технология трансфері бойынша жұмыстар жүргізілуде, сондай-ақ 2023 жылдың соңында Pfizer мен «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арасында аталған вакцинаны жеткізу туралы ұзақ мерзімді шартқа қол қойылды.
«Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктеріне жауап беретін заманауи медициналық шешімдердің қолжетімділігін қамтамасыз ету – Pfizer компаниясының елдегі қызметі аясындағы негізгі міндеттердің бірі. Біз халықаралық әріптестікті дамыту Республика Үкіметінің ерекше назарында екенін атап өтеміз. Пациенттердің инновациялық терапияға, оның ішінде онкология саласындағы емдеуге қолжетімділікті жеделдету мақсатында денсаулық сақтау саласындағы процестерді трансформациялау бойынша жұмыс белсенді түрде жүргізілуде», – деп мәлімдеді «Пфайзер Қазақстан» ЖШС бас директоры Дмитрий Козенков.
