ҰҒОО мен Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Ұлттық ғылыми онкология орталығында Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тараптардың жоғары технологиялы медицина, ғылым және білім беру салаларында стратегиялық әріптестікті дамытуға ниетті екенін айқындайды.


Астанаға Ресей ғылым академиясы вице-президенті, Сібір бөлімшесінің төрағасы Валентин Пармон бастаған делегация келді. Оның құрамында академиктер, РҒА-ның корреспондент-мүшелері және жетекші ғылыми ұйымдардың басшылары бар.


Ұлттық ғылыми онкология орталығының Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Жандос Бүркітбаевтың айтуынша, бұл меморандум – бірлесе жүргізілген жұмыстың нәтижесі:


«Бүгінде Ұлттық ғылыми онкология орталығы Қазақстандағы заманауи онкологияны дамытуға бағытталған ірі орталықтардың бірі саналады. Біздің жұмысымыз үш негізгі бағытқа – клиника, ғылым және білім беруге негізделген. Олар бір-бірімен тығыз байланысып, тұтас жүйе қалыптастырады. Жаңа кешенде біз медициналық көмектің жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, дәлдігі жоғары сәулелік терапия, протондық терапия, ядролық медицина және молекулалық диагностика сияқты озық технологияларды енгізудеміз. Сонымен қатар іргелі зерттеулерден бастап клиникалық тәжірибеге тікелей енгізілетін қолданбалы жобаларға дейінгі ғылыми жұмыстар белсенді дамып келеді», – деді ол.


Сапар барысында делегация орталықтың инфрақұрылымымен, техникалық мүмкіндіктерімен және заманауи жабдықталу деңгейімен жан-жақты танысты. Қонақтар ҰҒОО-ның материалдық-техникалық базасын, ғылым мен клиникалық тәжірибенің тиімді үйлесімін жоғары бағалап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әлеуеті зор екенін атап өтті.


Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты тек білім беру және ғылым салаларында ғана емес, клиникалық бағытта да кеңейтуге, инновациялық технологияларды енгізуге өзара қызығушылық білдірді.