Қазақстанның Ұлттық ғылыми онкология орталығының Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Жандос Бүркітбаев Ресей онкологтарының XIV халықаралық қатысумен өткен «Ұрпақтар диалогы» (Диалог поколений) съезінде баяндама жасады. Татарстан Республикасының онкологиялық қызметіне 80 жыл толуына арналған бұл маңызды жиынға саладағы жетекші мамандар, клиницистер мен денсаулық сақтау ұйымдастырушылары қатысты.
Баяндамасында Жандос Бүркітбаев Қазақстандағы онкологиялық жағдайға жан-жақты талдау жасады. 2025 жылғы дерек бойынша елімізде шамамен 246 мың науқас диспансерлік есепте тұр. Сонымен қатар, алғаш анықталған сырқаттар саны өткен жылмен салыстырғанда 6,5%-ға артқан. Бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 60,5%-ды құрап, оң динамика байқалғанымен, бұл көрсеткіш әлі де ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдері деңгейінен төмен.
«Бүгінде Қазақстанның онкологиялық қызметі сапалық жаңа кезеңге қадам басты. Біз үзік-үзік көрсетілетін көмектен ғылым, клиника және білім беру біріктірілген кешенді модельге көшіп жатырмыз. Ұлттық ғылыми онкология орталығы қазірдің өзінде толық циклді қамтамасыз етеді – диагностикадан бастап радиофармпрепараттар өндіру мен жоғары технологиялық емдеуге дейін. Басты мақсатымыз – озық технологиялар мен дербестендірілген тәсілдерді енгізу арқылы пациенттердің өмір сүру ұзақтығын арттыру», - деді орталық басшысы.
Соңғы үш жылда онкологиялық көмекті қаржыландыру тұрақты өсім көрсеткен. Әсіресе таргеттік және иммуноонкологиялық терапияға жұмсалатын шығын үлесі шамамен 50% дейін жетіп, емдеудің заманауи әдістеріне көшу үрдісін айқындайды.
Съезде Ұлттық ғылыми онкология орталығының жоғары технологиялық кластер ретіндегі дамуына да ерекше назар аударылды. 2025 жылы орталықтың жаңа корпусындағы алғашқы жұмыс жылы қорытындыланып, мынадай нәтижелерге қол жеткізілді:
– 218 төсек-орынға арналған 11 клиникалық бөлімше жұмыс істейді;
– 10 операциялық бөлме бар, оның ішінде радиофармпрепараттарды қолдануға мүмкіндік беретін 2 гибридті рентгенэндоваскулярлық операциялық;
– 150 мыңнан астам пациент диагностикалық қызмет алған;
– стационарда 14 мыңнан аса науқас емделген;
– 6 760 ота жасалып, хирургиялық белсенділік 97,4%-ды құраған;
– сүйек кемігі, бауыр және бүйрек трансплантациясын қоса алғанда, 266 трансплантация жүргізілген.
Орталықтағы маңызды жетістіктердің бірі – Орталық Азияда алғаш рет ашылған протондық терапия орталығы. Бұл технология ісіктерді аса дәлдікпен сәулелендіріп, сау тіндерге түсетін жүктемені барынша азайтады. Әсіресе балалар онкологиясында оның маңызы зор. Іске қосылған сәттен бері 80-нен астам пациент емін аяқтаған. Жобалық қуаты – жылына 800 адам, оның ішінде 200-ге дейін шетелдік пациент қабылдау жоспарланған. Сондай-ақ циклотрондық-өндірістік кешен іске қосылып, 18F-FDG радиофармпрепараты өндіріле бастады.
Баяндамада ядролық медицинаны дамыту, ғылыми зерттеулер мен кадр даярлау мәселелері де кеңінен қамтылды. ҰҒОО базасында молекулалық диагностика, радиомика және жасанды интеллект технологияларын біріктіру арқылы онкологиялық ауруларды дербестендіріп емдеуге бағытталған ірі ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Алдағы кезеңдегі басым бағыттар қатарында:
- патоморфология, молекулалық генетика және сәулелік терапия бойынша референс-орталықтар құру;
- трансплантология мен жасушалық технологияларды дамыту;
- цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу;
- халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, МАГАТЭ жобаларына қатысу көзделген.
Бұл стратегияны жүйелі іске асыру Ұлттық ғылыми онкология орталығын жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанның жоғары технологиялық медицина саласындағы орнын нығайтуға және халыққа көрсетілетін онкологиялық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
