ҰҒОО-да резидентура түлектеріне куәліктер табысталды

4 тамыз күні Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта медициналық жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді аяқтаған түлектерге куәлік тапсыру салтанаты өтті.

2025 жылы резидентура бағдарламасы бойынша 43 дәрігер оқуын сәтті аяқтады. Олар жалпы хирургия, ангиохирургия, радиология, урология, онкология, гематология, анестезиология және гастроэнтерология (ересектер мен балалар бойынша) сияқты негізгі клиникалық бағыттарда білім алды. Барлық түлектер қорытынды тәуелсіз емтиханды сәтті тапсырып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

Куәліктерді ҰҒОО Басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаев табыстады. Жас мамандарды құттықтай отырып, ол олардың кәсіби таңдауын жоғары бағалады:

– Бүгін біз тек құжат қана табыстап жатқан жоқпыз – біз мыңдаған адамның денсаулығы сеніп тапсырылатын болашақ кәсіби мамандарды үлкен өмірге шығарып салудамыз. Онкология саласындағы кадр тапшылығы – шынайы мәселе: тек радиологияның өзінде елуге жуық маман жетіспейді. Сондықтан да резидентураны сәтті аяқтаған әрбір түлек – денсаулық сақтау жүйесі үшін стратегиялық маңызы бар маман. Солардың ішінде 9 дәрігердің біздің Орталықта жұмысын жалғастыруға бел буғанын мақтанышпен айтамын. Бұл – біз өз пациентіне адал қызмет етуді және еліміздің медицинасын дамытуды саналы түрде таңдаған кәсіби мамандарды тәрбиелеп жатқанымыздың дәлелі, – деді орталық басшысы.

ҰҒОО-да жұмысын жалғастыратын болашақ қызметкерлер арасында сұранысқа ие мамандықтар бар: анестезиология және реаниматология (ересектер мен балаларға арналған), гастроэнтерология (ересектер мен балаларға арналған), гематология мен онкология (ересектерге арналған), сондай-ақ радиология.

Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық – елдегі жетекші клиникалық және білім беру орталықтарының бірі. Мұнда резиденттер теориялық біліммен қатар, заманауи диагностикалық, емдеу әдістері мен мультидисциплинарлық тәсілге негізделген жоғары технологиялық практикалық дайындықтан өтеді.

Бейне көру