ҰҒОО-да Дүниежүзілік өкпе қатерлі ісігіне қарсы күрес күніне орай Ашық есік күні өтті

Бірі КТ нәтижесімен келсе, енді бірі көп жылдан бері темекі шегетіндіктен денсаулығын тексеруді жөн көрген. Кейбір науқастарды ұзақ уақытқа созылған жөтел мазаласа, енді бірі диагнозына қатысты екінші пікір алуға жүгінген. Олардың барлығын біріктірген ортақ нәрсе – өкпе денсаулығына жауапкершілікпен қарау.


Ашық есік күні аясында Ұлттық ғылыми онкология орталығының торакалды хирургтары науқастарды қабылдап, жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін саралады және әр пациентке алдағы емдеу тактикасын белгіледі.


Қабылдауға келгендердің басым бөлігіне динамикалық бақылауда болу ұсынылды. Ал бір науқастың бұған дейінгі тексеру нәтижелерінен хирургиялық емдеуді қажет ететін өкпе түзілімі анықталды. Операцияны ҰҒОО-да жасау жоспарланып отыр.


Денсаулығыңызды тексеруді кейінге қалдырмаңыз. Ауру неғұрлым ерте анықталса, оны емдеудің мүмкіндігі де соғұрлым жоғары.