Бүгінде зерттеудің сапасы мен дәлдігі науқастың алдағы емдеу тактикасын таңдауға тікелей ықпал етеді.
Осы тақырыптар «Онкологиядағы озық визуализация әдістері» секциясында кеңінен талқыланды. Қазақстаннан және шетелден келген мамандар КТ, МРТ, ПЭТ-КТ, бүкіл дененің ПЭТ-МРТ зерттеулері, 3D-модельдеу және сәулелік диагностикадағы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін ортаға салды. Сондай-ақ жүрек, бауыр және ұйқы безі ісіктерін диагностикалау, операцияға дейінгі жоспарлау, емге жауапты бағалау және күрделі диагностикалық жағдайларға арналған баяндамалар ұсынылды.
Секциядағы маңызды тақырыптардың бірі – жасанды интеллект болды. Бүгінде ол радиолог дәрігерге қосымша көмекші ретінде қызмет ете алады: медициналық кескіндерді талдап, зерттеулерді өңдеу үдерісін жеделдетуге және маңызды өзгерістерге назар аударуға мүмкіндік береді. Дегенмен жасанды интеллект дәрігерді алмастыра алмайды. Диагноз бен емдеу тактикасына қатысты соңғы шешім әрдайым маманның құзырында қалады.
