ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 онкология саласындағы жетекші сарапшылардың басын қосты

25 қыркүйекте Ұлттық ғылыми онкология орталығында ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының негізгі күні өтті.


Биылғы конференцияның тақырыбы – «Дәл онкология • Тераностика • Жасанды интеллект». Ауқымды шараға Қазақстан мен шетелден онкология саласының мамандары жиналды. Бағдарламада дәл онкология, тераностика, ядролық медицина, хирургия, трансплантация, оңалту, цифрландыру және жасанды интеллект бағыттары қамтылған.


Конференцияға Қазақстан мен шетелдердің жетекші медициналық және онкологиялық орталықтарының басшылары, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Құрылтай өкілдері, отандық және шетелдік медициналық орталықтардың басшылары сөз сөйледі. Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік және Қатерлі ісікті зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік өкілдері қатысты.


Негізгі күннің басты бөлігі онкологиядағы жаһандық көшбасшылыққа арналған пленарлық отырыс болды. Сарапшылар профилактика мен ерте диагностиканы жетілдіру, онкологиялық көмекті ұйымдастыру, цифрлық шешімдерді енгізу, жоғары технологиялық медицинаны дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.


Пленарлық отырысты ҰҒОО Басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаев ашты. Ол серпінді технологиялар дәуірінде ғылымды, клиникалық тәжірибе мен инновацияларды ұштастыру туралы баяндама жасады.


Қазақстан, Ресей, Германия және басқа елдердің сарапшылары өз тәжірибелерімен бөлісті. Онкологиялық қызметті дамытудың түрлі тәсілдері, профилактикалық бағдарламаларды іске асыру, цифрлық шешімдерді қолдану және жоғары технологиялық медицина саласындағы трансшекаралық ынтымақтастық мәселелері сөз болды.


ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 – мамандардың тәжірибе алмасып, кәсіби байланыс орнатуына және халықаралық әріптестікті дамытуына мүмкіндік беретін алаң. Мұндағы басты мақсат – жаңа білім мен ғылыми жетістіктерді медицина тәжірибесіне енгізіп, заманауи технологиялардың пациенттерге қолжетімді болуына жол ашу.