Халықаралық стандарттарды енгізу тәжірибесімен алмасу, сапа жүйелерін дамыту және пациент қауіпсіздігін арттыру – Астанада өткен кәсіби диалогтың басты өзегі

20–23 сәуір аралығында елордада Моңғолиядан келген сапа, пациент қауіпсіздігі және аккредитация саласының мамандары бас қосты. Іс-шараны Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы сапа жөніндегі аккредитация орталығы (ACQH) ұйымдастырды. Негізгі алаңдардың бірі ретінде Ұлттық ғылыми онкология орталығы белгіленді.


Кездесу барысында делегация сапаны басқару жүйесінің қалай құрылғанымен танысып, радиациялық технологиялар орталығын аралады. Қонақтар тәжірибелік тәсілдер, заманауи жабдықталу деңгейі және пациент қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған үдерістерге назар аударды. Олар орталық ұжымының кәсібилігін және жұмыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.


Қорытындылай келе, делегация алдағы уақытта ынтымақтастықты дамытуға, соның ішінде медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігі бағытында бірлескен жұмыстар жүргізуге қызығушылық білдірді. Сондай-ақ Моңғолия азаматтарына ҰҒОО базасында мамандандырылған онкологиялық көмек көрсету мүмкіндіктері де талқыланды.


Бұл сапар Қазақстандағы денсаулық сақтау сапасын дамыту тәжірибесінің халықаралық деңгейде сұранысқа ие болып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.