Медицинада шекара жоқ: ҰҒОО мен Орынбор облысы онкология саласында тәжірибе алмасуға мүдделі

Ұлттық ғылыми онкология орталығына (ҰҒОО) Ресей Федерациясының Орынбор облысынан делегация келді. Делегацияны Орынбор облысы Үкіметі төрағасының әлеуметтік саясат жөніндегі орынбасары, вице-губернатор Лариса Боярская бастап келді.

Кездесу барысында ҰҒОО Басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаев орталықтың негізгі қызмет бағыттарын таныстырып, заманауи медициналық инфрақұрылымы туралы баяндады. Делегация Радиологиялық технологиялар орталығын, сәулелік терапия бөлімшесін және протондық терапия орталығын аралады.

Лариса Боярскаяның айтуынша, медициналық орталықтардың әлеуетін бағалауда олардың тәжірибесі мен технологиялары пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға қаншалықты ықпал ете алатынына баса мән беру қажет.

«Пациенттің денсаулығы туралы сөз болғанда, шекара деген ұғым болмауы керек. Іргелі ғылыми зерттеулерге де шекара жоқ. Біздің ортақ мақсатымыз – қатерлі ісікке шалдыққан пациентке мүмкіндігінше ұзақ әрі сапалы өмір сүруіне жағдай жасау», – деді ол.

Вице-губернатор клиникалық тәжірибемен, емдеу нәтижелері және қолданылатын хаттамалар туралы ақпаратпен алмасудың маңызын атап өтті.

«Біздің пациенттер үшін уақыт – аса құнды ресурс. Сондықтан оны бағалай білуіміз керек. Әріптестеріміздің емдеуде қол жеткізген оң нәтижелері болса, оны зерттеп, тиімді тәжірибені өз жұмысымызда қолдану маңызды. Өз кезегімізде біз де бөлісетін тәжірибеміз бар», – деді Лариса Боярская.

Сондай-ақ ол ҰҒОО мамандарының кәсіби деңгейіне жоғары баға беріп, алдағы уақытта ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Орталыққа жасалған сапар Қазақстан мен Орынбор облысы арасындағы денсаулық сақтау саласындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту аясында өтті. Алдағы уақытта медициналық ұйымдар арасындағы тікелей байланысты нығайту, тәжірибе алмасу, кәсіби консультациялар өткізу, мамандардың тағылымдамадан өтуі, сондай-ақ онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімді тәсілдерін зерделеу ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі болмақ.