Ұлттық ғылыми онкология орталығына (ҰҒОО) Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) делегациясы келді. Сапардың мақсаты – Орталық Азия елдерінің медицина мамандарына асқазан-ішек жолдарының қатерлі ісігін эндоскопиялық әдіспен анықтауды үйретуге бағытталған пилоттық білім беру жобасын жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылау.
Кездесу барысында тараптар пилоттық жобаның тұжырымдамасын, оны ұйымдастыру және іске асыру мәселелерін, сондай-ақ медицина мамандарын даярлау бағытындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жолдарын қарастырды. JICA өкілдері ҰҒОО жанындағы Сараптамалық эндоскопия орталығының техникалық жабдықталуымен және жұмыс мүмкіндіктерімен де танысты.
Білім беру бағдарламасын JICA-ның Third-Country Training Program халықаралық оқыту тетігі аясында жүзеге асыру ұсынылып отыр. Бұл формат бір елдің мамандарын үшінші мемлекеттегі бейінді медициналық мекеменің базасында оқытуды көздейді. Бағдарлама аясында JICA мен қабылдаушы ұйым жобаны бірлесіп ұйымдастырып, серіктес ретінде жұмыс істейді.
Аталған бастама JICA өкілдерінің бұған дейін ҰҒОО-ға жасаған сапарының жалғасы болды. Сол кезде жапон тарапы Сараптамалық эндоскопия орталығы мамандарының кәсіби біліктілігін, жетістіктері мен техникалық жабдықталу деңгейін жоғары бағалаған еді. ҰҒОО-ның мүмкіндіктері туралы ақпарат JICA басшылығына таныстырылғаннан кейін агенттіктің орталық кеңсесі бірлескен білім беру бағдарламасын жаңа форматта жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынған.
Жобаны іске асыру ҰҒОО-ның ғылыми-клиникалық және білім беру әлеуетін Орталық Азия елдерінің медицина мамандарының біліктілігін арттыруға пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар онкологиялық ауруларды эндоскопиялық әдіспен анықтаудың озық тәсілдерін таратуға және денсаулық сақтау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады.
