Қазан және қараша айларында Ұлттық ғылыми онкология орталығы (ҰҒОО) Сараптамалық эндоскопия орталығында диагностикалық және емдік эндоскопия бойынша біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Оқуға Қазақстанның әр өңірінен – Астана, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Қостанай және Қызылорда қалаларынан келген 14 эндоскоп дәрігері қатысты.
Оқу бағдарламасы AstraZeneca компаниясының өтеусіз қолдауымен жүзеге асырылды. Компания қатысушылардың жол жүру, тұру және оқу шығындарын толық өтеді.
Бағдарлама теориялық және практикалық сабақтарды қамтыды. Теориялық бөлім аясында күрделі клиникалық жағдайлар талданып, заманауи аз инвазивті эндоскопиялық араласу әдістері, соның ішінде STER, ESD және POEM тәсілдері таныстырылды.
Практикалық сабақтар жапондық Micoto симуляторы мен Қытайда жасалған Preclinic оқу үлгілерін пайдалану арқылы өткізілді. Бұл қатысушыларға кәсіби дағдыларын жетілдіріп, заманауи әдістерді тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар дәрігерлер гастроскопия, колоноскопия, бронхоскопия және энтероскопия сынды диагностикалық зерттеулерге қатысып, эндоскопиялық операциялар кезінде хирургтарға ассистент болды.
«Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар диагностикалық эндоскопия және заманауи эндоскопиялық емдеу әдістері бойынша жаңа білім алып, бұрыннан бар білімдерін толықтырып, кәсіби дағдыларын жетілдірді», – дейді ҰҒОО Сараптамалық эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі Қанат Батырбеков.
Мұндай білім беру бағдарламалары мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға және заманауи эндоскопиялық әдістерді Қазақстан өңірлерінде кеңінен енгізуге ықпал етеді.
AstraZeneca компаниясының қолдауымен осындай оқу курстарын келесі жылы да жалғастыру жоспарланып отыр.
