2025 жылғы 25 сәуірде Астана қаласында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың (ҰҒОО) корпусының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ұлттық жүзеге асырылды. Салтанатты шараға Президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенова, Президенттің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Қүнсұлу Закария, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысты.
Орталықтың ашылуы «Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмектің жаңа белестері. ҰҒОО – болашақтың озық технологиялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында өтті. Шараға әлемнің 30-ға жуық елінен жетекші онкологтар, зерттеушілер мен мамандар жиналды. Конференция барысында онкологиялық ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу бойынша заманауи тәсілдер, дәл медицина мен трансляциялық зерттеулердің дамуы, онкологиялық тәжірибедегі цифрлық шешімдер талқыланды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің құттықтау хатын оқып берді. Онда медицинаны дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты екені атап өтілген. 2024 жылы республикалық бюджеттен 3,3 трлн теңге бөлініп, соңғы 6 жылда 955 денсаулық сақтау нысаны салынды. Оның ішінде Астанадағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың жаңа корпусы да бар.
«2019 жылдан бері профилактикалық шаралар мен скринингтік бағдарламалардың ауқымын кеңейту арқылы халықтың өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайды. Өткен жылы 2,5 миллион адам онкологиялық скринингтен өтті, бұл қатерлі ісіктерді ерте анықтау үлесін арттырды. Әлемдік технологияларды енгізу арқылы ерте диагностика мен емдеудің әдістері жетілдіріліп, ғылыми зерттеулерге мемлекеттік қолдау жалғасады», – делінген хатта.
Онкологиялық көмекті цифрландыру – денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық көмектің барлық кезеңдерін – бастапқы диагностикалау, пациентті бағыттау, емдеу және диспансерлік бақылауға дейін – цифрландыруды жүйелі түрде жүзеге асыруда.
«Орталықты құру Мемлекет басшысы, Үкімет, медициналық қауымдастық және халықаралық серіктестіктердің қолдауының арқасында жүзеге асырылды. Төрт сызықтық үдеткіш, брахитерапияға арналған жабдық пен радионуклидтік терапия бөлімшесінің арқасында радиологиялық көмек 60-70% науқасты қамтиды. Жаңа орталықта онкологиялық аурулармен ауыратын балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Біз бұл орталық білім, озық тәжірибе мен технологиялардың тоғысатын нүктесіне айналып, онкологиялық ауруларға қарсы күресте жаңа көкжиектер ашады деп сенеміз», – деді Ақмарал Әлназарова.
Президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенова атап өткендей, жыл сайын әлемде 19 миллионнан астам жаңа онкологиялық жағдай тіркеліп, 10 миллионға жуық адам қатерлі ісіктен көз жұмады. Қазақстанда жыл сайын шамамен 40 мың науқастан онкологиялық ауру анықталады. Бұл бір моноқаланың халқына тең. Қатерлі ісіктен жыл сайын 12–13 мыңдай адам қайтыс болу фактісі тіркелуде.
«Мәселенің ауқымы орасан зор. Бүгін осы конфернцияға жиналуымыз – бұл тақырыптың өзектілігі мен маңыздылығын көрсетеді. Біз тәжірибе, білім мен тәжірибені біріктіруіміз қажет. Онкология ауруларының алдын алу, ерте диагностика және тиімді емдеу арқылы күресуіміз керек. Бүгінде әлем ядролық және протонды терапия, молекулалық-генетикалық диагностика, жасанды интеллект, дербестендірілген медицина және мультидисциплинарлық тәсілдерге басымдық беріп отыр. Қазақстан да осы заманауи жобаларды енгізуде», – деді Тамара Дүйсенова.
Жаңа орталық – көпжылдық кешенді жұмыстың және заманауи инженерлік әрі медициналық шешімдердің нәтижесі. Жобалау және құрылыс жұмыстары Deloitte компаниясының стратегиялық сүйемелдеуімен, халықаралық сапа және клиникалық тиімділік стандарттарына сай жүргізілді. Жалпы ауданы 60 000 м² болатын корпус 210 төсекке есептелген, бір күнде 500 пациент қабылдай алатын поликлиникамен жабдықталған. Жабдықтар Varian Medical Systems Inc., Philips, Siemens секілді жетекші әлемдік өндірушілерден жеткізілді. Бұл мамандардың даярлығын арттыруға және жұмыс үдерістерін біріздендіруге мүмкіндік берді. Осылайша, Орталық Азияда алғаш рет сәулелік, радионуклидтік және протондық терапияны біріктіретін бірыңғай платформа құрылды.
Негізгі технологиялар қатарында:
- Varian ProBeam жүйесіндегі протондық терапия – қатерлі ісіктерді дәл әрі жұмсақ емдеудің ең заманауи әдістерінің бірі, әсіресе балалар онкологиясында ұсынылады;
- Сандық фотон санау технологиясымен жабдықталған ПЭТ/КТ – төмен сәулелік жүктемемен жоғары дәлдіктегі диагностикаға мүмкіндік береді;
- ПЭТ/МРТ – екі визуализация әдісін біріктіретін бірегей қондырғы, күрделі жағдайларда ерекше тиімді;
- ОФЭКТ/КТ, Ethos, EDGE, TrueBeam STx және BRAVOS контактты терапия жүйесі – қазіргі заманғы сәулелік терапияның мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Орталықтың құрылымына халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай желдету және радиоактивті қалдықтарды жою жүйелерімен жабдықталған 8 палатадан тұратын радионуклидтік терапия бөлімшесі кіреді. Сонымен қатар, радиофармацевтикалық препараттар өндіруге арналған циклотронды өндірістік кешен іске қосылған. Қазіргі таңда 11 атаулы өнім өндіріледі, олардың жетеуі Қазақстанда алғаш рет синтезделіп отыр.
Орталықтың ашылуына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция 26 сәуірде де жалғасады. Бұл іс-шара қатысушыларға тәжірибе алмасуға, онкологиямен күрестегі өзекті мәселелерді талқылауға және бірлескен шешімдер әзірлеуге бірегей мүмкіндік береді.
