Бауыр қатерлі ісігі онкологиялық аурулардың ең қауіпті түрлерінің бірі болып қала береді. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда жыл сайын аталған дерттің 850-ден 1000-ға дейін жаңа жағдайы анықталады. Өкінішке қарай, науқастардың басым бөлігі дәрігерге аурудың кеш сатысында жүгінеді. Мұндай жағдайда емдеу мүмкіндігі едәуір шектеледі.
Ұлттық ғылыми онкология орталығының мамандарының айтуынша, негізгі себеп – бауыр қатерлі ісігінің ерте кезеңде көп жағдайда ешқандай клиникалық белгілерсіз өтуі. Сондықтан көптеген адамдар өз диагнозы туралы ауру асқынған кезде ғана біледі.
Соңғы жылдары бауыр қатерлі ісігін емдеудің мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді. Егер бұрын негізгі емдеу тәсілі хирургиялық операция болса, бүгінде кешенді тәсіл қолданылады. Аурудың сатысына, ісіктің таралуына, бауырдың қызметтік жағдайына және науқастың жалпы денсаулық жағдайына қарай бауыр резекциясы, орган трансплантациясы, интервенциялық емдеу әдістері, сондай-ақ таргеттік және иммунотерапия қолданылады. Жекелеген клиникалық жағдайларда сәулелік онкологияның мүмкіндіктері де пайдаланылады. Бұл ісіктің көлемін азайтып, науқасты кейінгі орган трансплантациясына дайындауға мүмкіндік береді.
Ұлттық ғылыми онкология орталығының гепатопанкреатобилиарлық хирург, трансплантолог дәрігері Шоқан Айтбаевтың айтуынша, емдеу әдісін дұрыс таңдаумен қатар, оны кезең-кезеңімен тиімді ұйымдастырудың да маңызы зор.
«Қазіргі таңда бауыр обырын емдеудің төрт негізгі әдісі бар. Ең бастысы – солардың бірін ғана таңдау емес, нақты науқас үшін қайсысы барынша тиімді болатынын анықтау. Сондықтан мұндай шешім мультидисциплинарлық мамандар тобының қатысуымен қабылдануы тиіс», –дейді Шоқан Айтбаев.
Мамандардың айтуынша, қауіп-қатері жоғары топқа бауырдың созылмалы аурулары, В және С вирустық гепатиттері, бауыр циррозы бар адамдар, сондай-ақ бауырдың басқа да бірқатар ауруларымен ауыратын пациенттер жатады. Дәрігердің тұрақты бақылауында болып, уақытылы тексеруден өту ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Ал бұл кезеңде емдеу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады.
Бауыр қатерлі ісігін диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері 2026 жылғы 23–26 қыркүйек аралығында Астанада өтетін «ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының негізгі тақырыптарының бірі болмақ. Бейінді секция аясында қазақстандық және шетелдік жетекші сарапшылар бауыр ісіктерін диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін, осы бағыттың даму перспективаларын, сондай-ақ жаңа ғылыми жетістіктер мен инновациялық шешімдерді талқылайды.
Іс-шараға қатысу үшін мына сілтеме арқылы тіркелуге болады: https://nrocevents.kz/event?id=7016
