Ұлттық ғылыми онкология орталығында мәйіт донорынан алынған ағзаларды трансплантациялау бойынша үш бірдей операция сәтті аяқталды. Бұл — дәрігерлердің жоғары кәсіби біліктілігі мен донор туыстарының адамгершілікке толы шешімінің нәтижесі. Үш пациентке жаңа өмір сүруге мүмкіндік берілді.
Орталықтың гепатопанкреатобилиарлық хирургия, онкогепатология және ағза трансплантациясы бөлімінің командасы барлық клиникалық және этикалық стандарттарды сақтай отырып, ағзаларды алу және оларды шұғыл түрде трансплантациялау жұмыстарын үйлесімді түрде жүзеге асырды.
Екі бүйрек 26 және 40 жастағы науқастарға салынды. Олар күту парағындағы жеті үміткердің арасынан таңдалды. Үшінші бүйрек холестаз, коагулопатия және бауыр жеткіліксіздігі диагнозы қойылған 45 жастағы әйелге трансплантацияланды. Бұл операция пациенттің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Ол — 59 адамнан тұратын күту тізіміндегі медициналық тұрғыдан ең қолайлы үміткер болатын.
Қазіргі уақытта үш пациенттің де жағдайы тұрақты, дәрігерлер оң динамиканы атап өтуде. Барлығы жақын күндері үйге шығарылмақ.
Ұлттық ғылыми онкология орталығы трансплантологияны дамытуды өз қызметінің стратегиялық бағыты ретінде қарастырады. Әрбір сәтті операция — донорлық қызмет, клиникалық мамандар мен үйлестіруші құрылымдардың тиімді әрі тығыз ықпалдастығының нәтижесі.
