Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығы (ҰҒОО) Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) мен Қазақстан Республикасының Атом энергетикасы агенттігі делегациясын қабылдады. Бұл сапар онкология саласында ядролық медицина мен озық радиациялық технологияларды қолдану бағытындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамына айналды.
«Халықаралық серіктестердің Қазақстанды ядролық медицина саласындағы жаһандық бастамаларда сенімді әрі болашағы зор әріптес ретінде тануы — біз үшін аса маңызды. Біз пилоттық жобаларды жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға және сапаның жаңа стандарттарын енгізуге дайынбыз», – деп атап өтті ҰҒОО Басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаев.
Сапар аясында МАГАТЭ Техникалық ынтымақтастық департаментінің бағдарламаларды басқару офицері Сибель Унлу және радиофармацевтика бойынша техникалық офицер Аруна Корде ҰҒОО-ның негізгі қызмет бағыттарымен танысты. Презентация барысында радиациялық технологиялар орталығының дамуы туралы ақпарат ұсынылды. Аталған орталық құрамында циклотронды-өндірістік кешен, тераностика, сәулелік және протондық терапия бөлімшелері бар.
Кездесу барысында МАГАТЭ қолдайтын ұлттық жобалар мен Қазақстанның алдағы техникалық ынтымақтастық бағдарламаларына, ғылыми-техникалық бастамалар мен халықаралық сапа аудиттеріне (QUATRO, QUANUM және т.б.) қатысу мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
Айта кету керек, МАГАТЭ мүше елдерге ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану, соның ішінде онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуді жетілдіру бағытында қолдау көрсетеді.
