ҰҒОО-да өткен Ашық есік күніне 50-ден астам адам келді

Бүгін Ұлттық ғылыми онкология орталығында бауыр мен ұйқы безі ауруларының алдын алу және оларды ерте анықтауға арналған Ашық есік күні өтті. Мамандардың кеңесін алуға 50-ден астам адам келді. Олардың қатарында асқазан-ішек жолдарының созылмалы аурулары бар пациенттермен бірге, денсаулығына қатысты қосымша кеңес алып, басқа дәрігердің пікірін білуді немесе алдағы тексеру мен емдеу жолын нақтылауды көздеген азаматтар болды.

Кеңес барысында ұйқы безіндегі түзілістер, оларды диагностикалау ерекшеліктері және денсаулыққа төндіруі мүмкін қауіптер туралы да айтылды.

Мамандар ұйқы безіндегі кез келген түзіліс қатерлі ісік дегенді білдірмейтінін атап өтті. Бұл ағзада пайда болатын кисталар мен кистозды түзілістердің түрі көп. Олардың әрқайсысы даму ерекшелігімен және қатерлі ісікке айналу қаупімен ерекшеленеді. Кейбір түзілістер ұзақ жылдар бойы өзгеріссіз қалуы мүмкін. Ал енді біреулері дәрігердің тұрақты бақылауын қажет етеді.

Ұйқы безіндегі түзілістер анықталған жағдайда хирургиялық емдеу қажеттілігі әр пациентке жеке қарастырылады. Кейде жүйелі тексеруден өтіп, дәрігер бақылауында болу жеткілікті болса, кей жағдайда операция жасау қажет болуы мүмкін.

Емдеу тактикасын таңдағанда дәрігерлер түзілістің көлемі мен уақыт өте келе өзгеруін, сарғаю секілді белгілердің болуын және зерттеу нәтижелерін ескереді. Түзілістің сипатын нақтылау үшін құрсақ қуысы ағзаларына контрастты зат қолдану арқылы компьютерлік томография (КТ) және магниттік-резонанстық томография (МРТ) жүргізіледі.

Ұлттық ғылыми онкология орталығында ұйқы безінің қатерсіз және қатерлі түзілістерін диагностикалау және емдеу жүргізіледі. Әр пациенттің жағдайы мультидисциплинарлық консилиумда қаралып, мамандар зерттеу нәтижелерін саралайды және емдеудің оңтайлы жолын анықтайды. Медициналық көрсетілімдерге қарай пациентке тұрақты бақылау немесе хирургиялық ем ұсынылады.