Балалар онкологиясы: емнің дәлдігі – баланың болашағы үшін

Дәл осы мақсат Ұлттық ғылыми онкология орталығы ұйымдастырып отырған ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясындағы балалар онкологиясына арналған ауқымды бағдарламаға арқау болды.


Конференцияның параллель алаңы форумның тең ұйымдастырушысы – UMC Ана мен бала және Ұлттық ғылыми орталығында өтіп жатыр. Мұнда Қазақстан, Австрия, Катар, Түркия және Беларусь елдерінен келген мамандар бас қосты.


Бағдарламада бүгінде балалар онкологиясының мүмкіндіктерін кеңейтіп отырған заманауи технологияларға ерекше назар аударылған. Олардың қатарында гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау, CAR-T терапиясы, заманауи нейроонкохирургия, молекулалық диагностика, сәулелік және протондық терапия бар.


Бұл бағытта дәлдік аса маңызды. Өйткені бала ем қабылдаған кезде дәрігерлер тек бүгінгі нәтижені ғана емес, емнің өсіп келе жатқан ағзасына бірнеше жылдан кейін қалай әсер етуі мүмкін екенін де ескеруі қажет. Сондықтан мамандар ісіктің түрін барынша дәл анықтау, емдеу әдісін дұрыс таңдау, терапияның ықтимал уытты әсерінен жүректі қорғау және сау тіндерге түсетін сәулелік жүктемені барынша азайту жолдарын талқылауда.


Конференцияның жеке бөлімі балалардағы протондық терапияға арналды. Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен UMC мамандары Қазақстанда протондық терапияны қолданудың алғашқы тәжірибесін таныстырды.


Протон шоғының физикалық ерекшеліктерінің арқасында қажетті сәулелену дозасын ісікке барынша дәл бағыттап, оның айналасындағы сау тіндерге әсерін азайтуға болады. Бұл әсіресе ағзасы әлі қалыптасу кезеңіндегі балалар үшін маңызды.


Сонымен қатар мамандар аса күрделі хирургиялық жағдайларды, соның ішінде жаңа туған нәрестелердегі ісіктерді емдеу тәсілдерін де талқылауда.