Қатерлі ісікті емдеу тек операция, химиотерапия немесе сәулелік терапиямен шектелмейді

Көптеген пациент үшін емнен кейінгі кезең де оңай емес. Бұл уақытта күш-қуатты қайта қалпына келтіру, қалыпты тамақтану мен қозғалысқа оралу, қорқыныш пен шаршауды жеңу және күнделікті өмірге қайта бейімделу маңызды.

Осы мәселелер ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 аясында өткен онкологиялық оңалту және паллиативтік көмекке арналған дөңгелек үстелде талқыланды.

Қазақстандық және шетелдік мамандар оңалтуды ем аяқталғаннан кейін емес, емдеу басталған сәттен қолға алу қажеттігін атап өтті. Асқазан-ішек жолы ісіктерінен кейінгі оңалту, клиникалық тамақтану, дене белсенділігін қалпына келтіру, психологиялық және әлеуметтік қолдау, сондай-ақ паллиативтік көмектің қазіргі сын-қатерлері сөз болды.

 Қазақстандағы онкологиялық оңалтуды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде пациентке көрсетілетін көмекті кешенді түрде ұйымдастыруға басымдық беріліп келеді. Яғни емдеу үдерісіне онкологтармен қатар оңалту мамандары, психологтар, тамақтану жөніндегі мамандар мен әлеуметтік қызметкерлер де қатысады.

Басты мақсат – ауруды емдеумен ғана шектелмей, емдеу барысында да, одан кейін де адамның өмір сүру сапасын барынша сақтауға көмектесу.