Анальды өзек қатерлі ісігі – сирек кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Сондықтан мұндай науқастарды диагностикалау мен емдеуде нақты әрі бірізді тәсілдің болуы маңызды.
ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 аясында осы тақырыпқа арнайы секция арналды. Секция барысында Ұлттық ғылыми онкология орталығының (ҰҒОО) мамандары анальды өзек қатерлі ісігін диагностикалау және емдеуге арналған жеке клиникалық хаттама жобасын таныстырды.
Құжат пациентті тексеру мен диагноз қоюдан бастап, емдеу тактикасын таңдауға және кейінгі бақылауға дейінгі кезеңдерді қамтитын бірыңғай тәсілді қалыптастыруға бағытталған.
Талқылауға Н.Н. Блохин атындағы Ұлттық онкология медициналық зерттеу орталығының онколог дәрігері, Ресей Федерациясының анальды өзек қатерлі ісігін емдеу жөніндегі клиникалық ұсынымдарының авторларының бірі Сергей Гордеев те қатысты.
«Сирек кездесетін аурулардың біріне осындай үлкен көңіл бөлінгені қуантады. Әріптестеріміз осы ауруды емдеудің ұлттық стандарттарын әзірлеп жатыр. Бұл жұмысқа өте мұқият, сауатты әрі жүйелі түрде қарап отырғаны көрініп тұр», – деді Сергей Гордеев.
Сарапшы ҰҒОО-ның сәулелік терапия, МРТ көмегімен емді жоспарлау және протондық терапия сияқты заманауи мүмкіндіктерін, сондай-ақ мультидисциплинарлық команданың жұмысын атап өтті.
Секция барысында ВПЧ-мен байланысты ісіктер, сәулелік терапияның жанама әсерлерін азайту, емнен кейінгі өмір сапасы және ауру қайталанған жағдайда қолданылатын емдеу тәсілдері де талқыланды.
Анальды өзек қатерлі ісігіне арналған жеке клиникалық хаттаманың әзірленуі – осы диагноз қойылған пациенттерге заманауи әрі жүйелі медициналық көмек көрсету жолындағы маңызды қадам.
