57 өтінім. 20 финалист. 4 жеңімпаз

Ал әр жұмыстың артында – тың идея, ғылыми зерттеу және заманауи онкологияны одан әрі дәл әрі тиімді етуге деген ұмтылыс.

ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 аясында Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан келген жас дәрігерлер мен зерттеушілерді біріктірген Жас ғалымдар байқауы өтті.

Қатысушылар молекулалық диагностика мен таргеттік терапиядан бастап, дәрі-дәрмекті жеткізудің жаңа тәсілдері мен емдеу сапасын бағалауға дейінгі түрлі бағыттағы ғылыми жұмыстарын ұсынды. Сараптамалық іріктеу нәтижесінде 20 жас ғалым финалға өтіп, өз зерттеулерін байқау комиссиясының алдында қорғады.

Қорытынды бойынша Гран-при жүлдесін ҰҒОО дәрігер-резиденті Ақтолқын Қапсәлім иеленді. I орынға Назарбаев Университеті Медицина мектебінің ғылыми қызметкері Сандуғаш Мырзағали, II орынға Назарбаев Университетінің PhD докторанты Саназар Қадыр, III орынға ҰҒОО дәрігер-химиотерапевті Лаура Құлекен ие болды.

Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Ал байқауға қатысушылар өздерінің ғылыми еңбектерін Oncology, Nuclear Medicine and Transplantology журналының арнайы шығарылымында жариялау мүмкіндігіне ие болды.

Жас зерттеушілер үшін мұндай байқау – өз идеясын көпшілікке таныстырып, сарапшылардың пікірін тыңдап, зерттеуін одан әрі дамытуға жол ашатын маңызды мүмкіндік.

Бәлкім, осы байқауда ұсынылған идеялардың арасынан ертең клиникалық тәжірибеге енетін жаңалықтар дүниеге келер.